Русский Сайттың толық нұсқасы

Миопатия диагнозы қойылған қостанайлық ағайынды дизайнерлер ауруға бой бермейді

  • AstanaTV
  • 19 қараша 2014
  • 2436

Ортақ іске жұмыла кіріссең, кәсіптің нәсібі де мол болмақ. Осындай ұранды басшылыққа алған қостанайлық ағайынды Аңқауовтар аз уақытта қомақты табысқа жетті. Бір әкеден туған төрт жігіт - түрлі санаттағы мүгедектер. Бірақ кемтар екенмін деп қол қусырып отыру - олар үшін жат. Бойдағы дарынды бизнеспен ұштастырған шеберлер аз уақыттың ішінде алашқа танылып, талай істі тындырып үлгерді.

Ағайындылардың ортаншысы Арлан Аңқауовтың мамандығы - дизайнер. Сонымен қатар, ол панно аппликация стилінде сурет салумен айналысады. Он жылдан бері осы өнерді серік еткен Арланның өзгешелігі өз жұмыстарына өңделген қой жүнін пайдаланады. Бұл стильдің егжей-тегжейін білгісі келгендердің арнайы шеберлік сыныптарына қатысуына кеңес береді.

Арлан  Аңқауов, суретші-дизайнер:

Қазіргі заманға сай етіп, құрастырып жатырмыз. Бұны этно-дизайн дейді. Сол бұрынғы салт-дәстүрді сақтап қалып, оны мұражайларда сақтап қалу үшін, жаңадан ден қойылып жатыр. Өйткені бұл туындыларды үйдің ішіне ілсеңіз, жылулықты білдіреді, ұлттық патриотизмді оятады.

Ағайынды Аңқауовтар - Сәрсен, Дәурен, Арлан және Бағлан. Төртеуіне де «миопатия»  диагнозы қойылған. Сирек кездесетiн бұл дерттен құлантаза айығу мүмкiн емес. Дегенмен, жігіттер мүгедектігіне қарамай, отбасылық бизнесті өркендетіп отыр. Үш жыл бұрын өз студияларын ашқан олар шеберлік сыныптарын тұрақты түрде өткізіп келеді. Ағайындылардың алдағы уақытта қолға алсақ деген жоспары жетерлік. Соның бірі - интерьердi қазақы этно стиль бойынша безендiру, қаладағы пәтерлерді қазақы нақышта әрлеу.

Бағлан  Аңқауов, студия жетекшісі:

3Д кеңістіктегі бағдарламада қазақи нақыштағы дизайн-жобаларды жасаймыз. Егер біреу қызығушылық танытса, үйіне  жасамай жатып, оны 3Д модельдері арқылы көруіне әбден болады.

Қолөнерді серік еткен Аңқауовтар тың туындыларын былтыр тұңғыш  рет Астанада өткен жәрмеңкеде көптің назарына ұсынды. Сол жолы қостанайлық қолөнер шеберлерінің отызға жуық картинасы бірден сатылып кеткен. Елордадағы музыка мектебінің тапсырысымен тағы бірнеше композиция жасалды. Ағайынды шеберлер ЕХРО көрмесіне қатысуды жоспарлап отыр. Олар мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы арнайы іріктеуден түгел өтіпті.

Заңғар САНАЙ