Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан облысынан жылда мыңдаған адам көшіп кетіп жатыр

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2016
  • 1860

Солтүстік Қазақстаннан өткен жылы 22 мың адам көшіп кеткен. Бұл аймақтағы күрделі мәселе. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте солтүстік аймақ әкімі Ерік Сұлтанов осылай деді. Қызылжар өңіріне қоныс аударушылар аз емес. Өткен жылы 19 мың адамды құраған. Дегенмен, көшіп кеткендердің саны жыл сайын 1 пайызды құрап отыр. Халықтың азаюынан кейбір елді мекендер де жабылған.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Егер өткен жылы облыста елді мекендердің саны 678 болса, биыл олардың саны 674-ке қысқарған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбек күші көп оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстікке көшіру жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар тиімді жүргізілді. 110 үй дайындалып, оларға қазірдің өзінде 18 отбасы көшіп келді. Жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысында қардың қалың түсуіне байланысты су тасқыны қаупі өте жоғары. Биыл өткен жылмен салыстырғанда өңірде қардың көлемі 70 пайызға артық түскен. Аймақ басшысы, бұл шаруа қожалықтары үшін жақсы болғанымен, өңірде су тасқыны болуы мүмкін деп отыр.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Қажетті техникаға, инертті материалдарға қаржы бөлініп, қазіргі уақытта олар сатып алынып жатыр. Су жіберетін барлық құрылыстарды, барлық арықтарды, өзен арналарын тазалау қажет. Бұл жұмыстар ақпан айының ортасында басталады.

Десек те, солтүстік өңірі инвестиция өсімінің қарқыны бойынша елде бірінші орында. Өткен жылы облыс экономикасына 154,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл бағыттағы өсім 128,4 пайызды құраған. Инвестициялардың басым бөлігі агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған. 

Берік ХАСЕНОВ