Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте өз балаларын пышақтап өлтірген әкеге қатысты сот үкімі шықты

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2014
  • 1255

Шымкентте бауыр еті балаларының жанын өз қолымен алған әкенің ісіне қатысты қылмыстық іске сот нүкте қойды. 2 және 4 жастағы ұлдарын пышақтап өлтірген 36 жастағы айыпталушы енді қалған өмірін темір тордың ар жағында  өткізеді.

Әбинұр Қарабаев, ОҚО қылмыстық  істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Осы екі баланы өлтіргені үшін, өзінің екі баласын. Біреуі, тағы айта кетейін, 4 жасар бала, біреуі 2 жасар бала. Сол екеуін өлтіріп, бүгін соттың үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бабы, екінші бөлігі А,В,О тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындадық.

Естіген жанның құйқасын шымырлатқан қайғылы жағдай осыдан бір жылдай бұрын Созақ ауданында болды. Сот залында оқылған деректерге сенсек, әке екі бөлмелі шағын баспанасына балаларын Шымкенттен алдап алып келген. Алдымен оларды ойнатып, тәттіге тойдырған. Түн ортасында қалың ұйқыда жатқан жерінде ұлдарын өлтіріп тастаған. Балаларға қол салған соң, артынша өзін де өлтірмек болады. Бірақ аман қалады.

Ол Шымкент пен Астана қаласында бірнеше лауазымды қызметтерді атқарған жоғары білімді азамат. Алайда қайғылы оқиғадан біраз бұрын жұмыссыз қалған ол әйелімен де ажырасып кеткен. «Туған перзенттерін өлтіруге бару себебін ол тергеу барысында оларды көрудің қиындап кеткендігімен байланыстырған», - деді судья Әбинұр Қарабаев. Медициналық қорытынды оның ақыл-есі дұрыстығын анықтап берді. Қаныпезер әкенің жазасы ауырлығын ескерген сот оған  өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ