Президенттің
«Нұрлы жол» Жолдауы Павлодар өңірінің дамуына да тың серпін береді. Облыста
атқарылған шаруалар баршылық. Алдағы уақытта қолға алынуы тиіс жұмыстар да шаш
етектен. Аймақ басшысы Қанат Бозымбаев БАҚ өкілдеріне осылай деп ағынан
жарылды. Орталық қоммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың
әлеуметтік-экономикалық даму жайы сөз болды. Жыл басынан бері өндірілген өнім
көлемі 7,6 пайызға артып, 700 млрд теңгені құраған.
Үдемелі
индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 87 жоба іске асырылуда. Ал
жиналған астықтың мөлшері де айтарлықтай мол. Облыс әкімі өңірде көлік қатынасы
мен жолдар сапасының сын көтермейтінін жасырмады. Олқылықтың орнын бюджеттен
бөлінген 5 млрд теңге жабады деген жоспар бар екенін де айтты. Сондай-ақ, Қанат
Бозымбаев Елбасының «Нұрлы жол» Жолдауында қамтылған маңызды мәселелерге
тоқталды.
Қанат
Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:
Павлодарлықтар
бұл Жолдауға өте қуанышты. Біріншіден, Екібастұзда өндірілген электр қуатын
еліміздің оңтүстік өңіріне тасымалдаймыз, яғни Алматы және Қытаймен шекаралас
аумаққа жеткіземіз. Екіншіден, Павлодар облысындағы жылу электр станциясы
жұмысының белсенділігі артады. Ескі генераторлардың орнына жаңаларын орнатамыз.
Биыл
аймақта құрылыс саласы да қарқынды жүргізілуде. Тұрғын үй салуға 12 миллиардтан
астам теңге бөлініп, 90 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Бүгінде
пәтер кезегінде тұрғандардың саны 12 мың адам. Ал қоғамдық қауіпсіздік
бағытында қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда, 20 пайызға азайған. Тамыз
айында «Майқайың Алтын» кен орнында ереуіл болған еді. «Осы оқиғадан соң
жұмысшылар саны қысқарды» деген ақпаратты әкім жоққа шығарды.
Қанат
Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:
Ол дұрыс
мәлімет емес. Өйткені сол дау шыққанда рудник сол жаққа кісілер қысқартылды,
шын мәнінде 31 адам. Бірақ олардың көбісі басқа рудникке жұмысқа шықты. Төртеуі
ғана жаңа жұмыс орнына көнбей, басқа жұмысқа орналасты. Оны біз қолға
аламыз.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ