Русский Сайттың толық нұсқасы

«Барыс» Омбының «Авангард» клубынан 2:1 есебімен ұтылды

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2014
  • 1215

«Барыс» командасы тағы да ұпай жоғалтты. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Омбының «Авангард» клубына қонаққа барған Андрей Назаровтың шәкірттері булит сериясында 2-1 есебімен ұтылды. Тақырыпты Самат Қанағатов толықтырады.

Бұған дейін «Салават Юлаев» клубына есе жіберген «Барыс» командасы бұл жолы қорғанысқа көп көңіл бөлді. Сәт сайын айдын иелерінің қауіпті шабуылдарын тойтара білген Андрей Назаровтың шәкірттері бірінші кезеңде қақпаларына шайба дарытпады. Дегенмен, қарқыны мықты «Авангард» хоккейшілері үзілістен кейін есеп ашты. Әріптесінің пасына бірінші жеткен Эрик Густафсон командаластарының қошеметіне бөленді. Қарымта шабуылға шыққан қазақстандық ұжым үшінші кезеңнің басында таразы басын теңестірді. Бұл сәтте қақпа алдындағы қарбалас сәтті ұрымтал пайдаланған Константин Пушкарев мүлт кетпеді.

Негізгі уақыт пен овертаймда жеңімпаз анықталмағандықтан, командалар булит сериясында бақ сынады. Бұл лотереяда жолы болған айдын иелері екі ұпайды олжалады. Ресейдің жоғарғы лигасында сынға түсіп жатқан Қарағанды қаласының « Сарыарқа» командасы алдына жан салар емес. Кезекті турда Краноярск қаласының «Сокол» клубына қонаққа барған Леонид Тамбиевтің шәкірттері булит сериясында 3-2 есебімен басым түсті. Негізгі уақытта терезесі тең өнер көрсеткен командалар 2-2 есебімен тең түсті. Айдын иелері сапында Максим Казаков дубльдің авторы атанса, қонақтар сапында Олег Ломако мен Егор Шастин мергендігімен танылды.

Овертаймда есеп өзгермегендіктен, командалар булит сериясында кім мықтыны анықтады. Бұл жекпе-жекте бірқалыпты өнер көрсеткен қазақстандық ұжым 3-2 есебімен басым түсіп, турнир кестесінің көш басына шықты. 

Самат ҚАНАҒАТОВ