Русский Сайттың толық нұсқасы

Сергей Нарышкин: 40-қа жуық мемлекет Еуразиялық интеграциялық одақпен еркін сауда-экономикалық ынтымақтастық жасауға мүдделі

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2014
  • 1076

40-қа жуық мемлекет Еуразиялық интеграциялық одақпен еркін сауда-экономикалық ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Бұл туралы бүгін Астанаға сапарлаған Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы спикері Сергей Нарышкин мәлімдеді. «Алайда, Украина сыртқы қысым салдарынан еуразиялық емес, Еуроинтеграцияға бағыт алды», - дейді Ресей парламентінің жетекшісі. «Батыс елдері де Еуразиялық экономикалық одақтан қауіптенетін сыңайлы. Бұл әлемдік нарықта Еуропа мен Азияны біріктіретін жаңа  алпауыт күштің  пайда болуын дәлелдейді», - дейді Нарышкин. Ол Ресейге қарсы жарияланған санкцияларға қатысты жеке тоқталды.

Сергей Нарышкин, РФ Федералдық жиыны Мемлекеттік Думасының төрағасы:

Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтасуының мәні зор. Әлемдік тұрақсыздық кезеңінде, агрессиялы «антиресейлік санкциялар» саясаты кезінде біздің елдер жедел әрекет етудің үлгісін көрсетуде. Санкцияларға келер болсақ, біздің позициямыз келесідей: санкция саяси және экономикалық қысым деп білеміз. Олар халықаралық құқық нормалары мен Бүкіләлемдік сауда ұйымының тәртібіне қайшы келеді.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов интеграцияның күшеюі оның басқа векторлардан бас тартуын білдірмейтінін атап өтті.

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Қазіргі таңда әлемде өңірлік сипаттағы жүздеген интеграциялық үлгілер бар. Сонымен қатар, көптеген елдер бір мезетте бірқатар өңірлік құрылымдарға мүше болып отыр. Біз Еуразиялық одақты жаһандық әлемнен оқшаулану үшін емес, керісінше, басқа да әлеммен жаһандық ынтымақтастықта жақын тіл табысу үшін құрдық. Осы ретте, біз қазіргі таңда Ресей мен батыс мемлекеттері арасында орын алып отырған барлық проблемалар мен қайшылықтардың өзара тиімді үлгіде шешімін табатынына сенімдіміз.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА