Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда мемлекеттік мекемелер жанар-жағармай жеткізуші компанияны сотқа тартты

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2014
  • 1131

Тобыл өңіріндегі бірқатар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар «Бақыт - Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен соттасып жатыр. Қостанай облыстық ауданаралық экономикалық соттың хабарлауынша, серіктестік электрондық сатып алу ережесін ескермей,  жанар-жағармай  жеткізу міндетін мүлдем орындамай  қойған.

«Бақыт - Мұнай» серіктестігіне қатысты аймақтағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардан екі жүзге жуық талап-арыз түсті», - дейді экономикалық соттың өкілдері. Оның жетпіс бесі қаралып, қанағаттандырылған. Яғни серіктестік  мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзғаны  үшін «жосықсыз қатысушы» деп танылды. Ал бұл мақсатқа бөлінген қазына қаражаты мекемелер мен кәсіпорындарға қайтарылды. Сондай-ақ осы серіктестік мекен-жайында орналасқан «Айкері» атты тағы бір фирмаға қатысты 27 талап-арыз түскен. Қазір бұл істердің барлығын сот қарастыру үстінде.

Қаламқас Мұратова, Қостанай облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы:

Жаңағы «жосықсыз қатысушысы» деп, шешім бойынша жарияланады және де реестрге енгізіледі. Оның мерзімі екі жылдай. Сондықтан екі жыл бойы бұл серіктестіктің мемлекеттік сатып алуға қатысуына шектеу қойылады.

Заңғар САНАЙ