Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық екі спортшының Сирияға аттанғаны белгілі болды

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2014
  • 1615

Спортты тастап, Сирияға аттанған. Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағында исламшыл радикалдар жағында жүрген қазақстандықтар қатарына екі атыраулық жігіт қосылғаны белгілі болды. Олар - спорт мектебінің жаттықтырушысы 23 жасар Нұрлан Мұқанов пен спорт шеберлігіне үміткер болып, кейін спортты тастаған 19 жасар Фархад Гирманов. Бұл дерек бүгін жергілікті басылымдарда жарияланды. Алайда құзырлы органдар бұл туралы тіс жармай отыр. Дегенмен, мәліметті Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Нұржан Ермұханов арнамызға берген сұхбатында ақпаратты растады.

Нұржан Ермұханов, Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы:

Сирияға кетіп қалған грек-рим күресінен бапкеріміз, ол Нұрлан деген азамат өзі намаз оқығанын көп білдірген де жоқ. Жалпы былай дұрыс жүрген жігіт сияқты. Қайдан білейін, спортшылар сенгіш болып келеді. Физикалық тұрғыда мықты болғанымен. Бәлкім, біреу басқаша қызықтырып айтты ма? Фархад  біздің жасөспірім спортшы болып есептелмейді. Кезінде спортпен айнылысқанмен, ол біздің спортшы есебінде жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеріп жатыр.    

Нұржан Ермұхановтың айтуынша, қос балуан үстіміздегі жылдың қазанында ата-ана, бауырларын ескертпестен, қызметтерін тастап, үн-түнсіз кеткен. Айтуынша, Нұрлан Мұқанов 2010 жылдан бастап қаладағы №2 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жаттықтырушы болған. Басқарма басшысының сөзінше, қызмет орны оның діни ұстанымы туралы бейхабар болған.

Ал Фархад Гирманов - грек-рим күресі бойынша жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері болғанымен, кейін спорттан мүлдем қол үзген. Сондықтан облыс атынан жарысқа қатысатын спортшылар тізімінде жоқ. Облыстық спортқа жауапты Нұржан Ермұханов жастардың бәзбіреудің әңгімесіне сеніп, адасқанына сенімді. Ол қазір аталған жағдайға байланысты  облыстағы спорт ұйымдарын Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеріп жатқанын айтты.  Айта кетейік, өткен аптада ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев: «Ислам мемлекеті» терроршылар тобы құрамындағы қазақстандықтардың саны 300-ден астам, олардың жартысы – әйелдер»,- деген еді. 

Базаркүл ІЗІМОВА