Русский Сайттың толық нұсқасы

Театр сыншысы, өнер қайраткері Әшірбек Сығай дүниеден озды

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2014
  • 3372

Қазақ өнерінің тағы бір тарланбозы дүниеден өтті. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор, театртанушы Әшірбек Сығай өткен түнде, 68 жасқа қараған шағында, өмір көшінен озды. Театр сыншысы Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында дүние есігін ашқан. Қазақ Ұлттық консерваториясын бітірген соң, театр саласында еңбек етті. Кеңес Үкіметі кезінде Мәдениет министрінің орынбасары, кейін тәуелсіздік алған соң, ол осы министрліктің бірінші орынбасары ретінде қызметін жалғастырды.

Алла өмір берсе, осы топырақта тудым, осы топырақта өлемін. Реті келгенде, мезгілі жеткенде.

Өнер иесінің арнамыздағы «Сырласу» бағдарламасына сұқбат беріп, ішкі сырын ақтарғаны күні кеше ғана еді. Алдағы жоспарлары туралы сауалға, Жаратқан ие нәсіп етсе, туған топырағы үшін қызмет етенінін айтып, ағынан жарылған-ды. Бірақ жұдырықтай жүрегі сыр берген талантты тұлғаның өткен түні дәм-тұзы таусылған. Әшірбек Сығай мен театр сыны - егіз ұғым. Отандық театрлардың жоғын түгендеп, мінін түзеуде оның алдына шыққан жан болған емес. 

Осы театрға, өмірім мен білімімді тек театрға арнадым. Бұл да саясат қой. Театр саясатымен айналысқан жаман ба?! Театрдан өзге мен үшін әдемі әлем жоқ.

Сол әдемі әлемде жүрсе де, ол шыншылдық пен турашылдықты ту етіп ұстады. Сөйтіп жүріп өз замандастарынан «жазса шебер, сөйлесе шешен» деген бағасын алды. Әшірбек Төребайұлының осыдан екі жыл бұрын жүрегіне ауыр ота жасалған. Денсаулығына байланысты Алатаудың етегіндегі мекенін тастап, арқаға қоныс аударыпты. Содан бері «Шабыт» өнер университетінде ұстаздық етіп, ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген.

Жаңа өзің айтып отырсың, 17 кітап жазыпсыз деп. Соның барлығында мен өзімнің нағашы немесе қайын жұртымның тарихын жазып жүрген жоқпын. Осы қазақ өнерінің өрісі, перспективасы, өткені мен актерлердің творчестволық талпынысын жаздым. Спектакльдегі табыстары, бәрі-бәрі сөз болады.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласында дүниеге келген Әшірбек музыкалық білім алады. Одан кейінгі саналы өмірі театрмен байланысты болды. Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, сосын өнер институтының ректорлығы қызметтерін де абыроймен атқарды.

Есмұхан Обаев, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор:

Барлық театрлар, Әшекең келе жатқанда, анау бір нар біреу келе жатқандай, бір театрдың пайғамбары келе жатқандай көрінетін. Өзі де сол маң басып, әрбір сөзіне мән қоя білетін, әрбір сөзін сұрыптай білетін, сараптай білетін жазушы болды.

Асанәлі Әшімов, КСРО Халық әртісі:

Аса қайғылы күндердің бірі. Ол іні, дос еді, әріптес. Жақсы адам болатын. Мен үшін оның орны ерекше жан болды десем, артық емес.

Әшірбек Сығай театр сыншылығының бүкіл бір дәуірін өзімен бірге алып кетті. Десе де шәкірттері оның сара жолын жалғасыруға міндетті. Себебі «қазақ театр өнеріндегі ең беделді сыншының пікіріне бүкіл драматургия құлақ асатын» дейді үзеңгілестері. Марқұммен қоштасу рәсімі ертең Алматыдағы Әуезов драма театрында өтпек.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ