Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте сәулет басқармасындағы заңбұзушылықтар әшкереленді

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2014
  • 1228

Шымкентте білдей бір мемлекеттік мекеме заңсыздықтарға жол беріп, кәсіпкерлердің құқын аяқ асты еткен. Прокуратура мен кәсіпкерлер палатасы бірлескен тексеру нәтижесінде қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде тегін берілуі тиіс құжаттар ақшаға сатылғаны анықталып отыр. 

Ғазизбек Натбаев, ОҚО Кәсіпкерлер палатасы  директорының орынбасары:

АПЗ дейміз. Архитектурное планировочное задание - осындай құжаттарды  жасақтаған кезде,  ол  заң бойынша тегін берілетін құжат. Осы құжаттарды жасақтаған кезде міндетті түрде топографическая съемка деген бар, сондай нәрселерді ішінде міндетті түрде жасатуға кәсіпкер арызданушыға  тапсырма берген. Сол себептен, а ол топографическая съемканы міндетті түрде жеке фирмалар қаражатын төлеп, сөйтіп істейді.

Тағы бір мысал. «Сәулет жобалау тапсырмасын жасату үшін әрбір азамат 12 мың теңге шамасында қаржы төлеуге мәжбүр болған», - дейді Ғазизбек Натбаев. Құзырлы органмен ортақтасып жұмыс істеу нәтижесінде жүзден астам кәсіпкерлердің  құқығын бұзу фактілері анықталыпты. «Заң нормаларында құжаттарды талап ету, түскен арыздарға уақытылы жауап бермеу, созбалаңға салу немесе негізсіз бас тартқан жағдайлар кездескен», - дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Міндетті түрде жеке фирмалар әзірлейтін анықтамаларды сұратып отырған. Ал осындай саны көп құжаттарды әзірлеумен сәулет бөлімінің ғимаратында орналасқан жеке серіктестіктер шұғылданған. Прокуратурамен бірлескен тексеру нәтижесінде мемлекеттік мекеменің тасасында төрт бірдей жеке фирманың қызмет атқарып келгені мәлім болыпты. Олар ешқандай да жалға  ақы төлемегені де белгілі болған. Бөлім басшысы қызметін атқарған Нұрлан Архабаев осыдан үш апта бұрын өз өтініші бойынша қызметінен босатылыпты. Мұны аймақтағы тілшілерімізге қала әкімі аппаратының баспасөз хатшысы растады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ