Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО Березовка ауылындағы уланған тұрғындар саны 29-ға жетті

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2014
  • 1039

Белгісіз газдан уланған Батыс Қазақстандағы Березовка ауылы тұрғындарының саны 29-ға жетті. Олардың 25-і бала. Облыстық денсаулық сақтау департаменті осындай ақпарат таратты. Айта кетелік, 28 қарашада Березовка мектебінде аяқасты есінен танып құлаған 20 шақты оқушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер балалардың әлдебір заттан уланғанын растады. Облыстық ауруханаға жеткізілген 6 баланың біреуі үйіне жіберілген. Қалған бесеуі дәрігерлердің бақылауында. Ал аудандық ауруханаға жатқызылған бүлдіршіндер түгел үйлеріне қайтарылды.

Тұрғындар бұл оқиғаға ауыл іргесіндегі «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясын кінәлап отыр. Істің мән-жайын анықтау үшін, шұғыл комиссия  құрылып, тексеру жүргізілуде. Ал компания өкілдері ауаға таралған газ деңгейін өлшейтін стансаларда ешқандай ауытқушылық тіркелмегенін, өздерін кінәлауға еш негіз жоқтығын айтады. Халықпен кездескен облыс әкімі бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, шетелдік компанияның мұқият тексерілетінін жеткізді.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Сіздердің жағдайыңызды түсініп тұрмын. Балалардың мұндай ауыр халге душар болғаны бізге де оңай емес. Дегенмен құр ашуланып, әлдекімді кінәлағаннан гөрі нақты іске кіріскен дұрыс болар. Түрлі жорамалдардың қайсысы қисынды екенін қарастырып, тексеретін боламыз.

Дегенмен ауыл тұрғындары өздерін қауіпсіз жерге көшіруді талап етіп отыр. Олардың бұл мәселені көтергеніне он жылдан асқан. Алайда жағдай әлі күнге өзгеріссіз.

Еркін КАРИН