Русский Сайттың толық нұсқасы

Талдықорғандағы жарылысқа қатысты «Өрт қауіпсіздігі тәртібін сақтамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2014
  • 1055

Талдықорғандағы жарылысқа қатысты «Өрт қауіпсіздігі тәртібін сақтамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде облыстық ІІД-інің баспасөз қызметі хабарлады. Өткен демалыста Еркін ауылындағы екі қабатты үйлердің бірінде жойқын жарылыс болды. Салдарынан 7 адам ажал құшты. Арасында нәресте де бар. Қазір төтенше жайттың салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Жергілікті әкімдік қайтыс болғандарға бір миллион теңгеден, ал үйлері қирап шығынға батқан отбасыларына 500 мың теңге көлемінде көмек көрсеткелі отыр.  

Жарылыстың жойқын болғаны соншалық, екі қабатты үйдің екінші бөлігі мүлдем опырылып түскен. Алып техника үйінділерді әлі тазартып жатыр. Жұмысшылар техниканың көмегімен төбесі ортасына түскен баспананы бұзуға кірісті. Талай қуаныштың куәсі болған үйден енді тек үйінділер қалды.

Оқыс оқиға кезінде тәтті ұйқыда жатқан жеті адамның өмірі қыршыннан қиылды. Қаза тапқандардың арасында жас бала да бар. Сол түні екі отбасы қара жамылды. Бір үйден бірден 5 адам және көрші пәтердегі ерлі-зайыптылар көз жұмды. Төтенше жағдайлар департаментінің алдын-ала болжамы бойынша, пәтер ішінде газ баллоны жарылған.

Роза Қыдырбаева, Еркін ауылының тұрғыны:

Бәріміз де газды қолданамыз. Баллон қолданамыз. Енді осыдан былай қорқынышты әрине. Әрі баллонды жағуға да қазір дірілдейміз мынандай апатта. Қанша адам о дүниелік болып кетті.

Қираған қабырға астында аман қалған 5 адам қазір ауруханада жатыр. Олардың арасында алты айлық нәресте де бар. Періштесі қаққан сәбиді жарылыстың толқынымен далаға бірақ шығарыпты. Дәрігерлер қазір 2013, 2014 және 1998 жылғы балалардың жағдайы қалыпты, қалған бір қызбен, 1979 жылғы ер жігіт жанжақстау бөлімінде ауыр халде екенін айтты.

Анарбек Монгол, Алматы облыстық ауруханасы травматология бөлімінің меңгеруішісі:

Жедел түрде екеуіне де операция жасалынды. Ер адамда түскен кезінде бауыры жыртылған, көк еті жыртылған. Қыз баланың түскен кезінде жамбас сүйектерінің сынуы, асқынуы мен қуығы жарылған. Политравма деген жағдай бұл өте күрделі травмалардың біреуі.

Жарылыстан аман қалған адамдар қазір баспаналарына кіруден қорқады. Барлығының бойын үрей билеген. Көбі пәтерлерінде аман қалған заттарын далаға шығарып, басқа жаққа көшуде. Ал жергілікті әкімдік өкілдері зардап шеккен жандардың барлығына жәрдем берілетінін жеткізді.

Ғалиасқар Сарыбаев, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары:

Үй салынады.  Бір-екі айдың ішінде толығымен салынып бітеді деп өзіміз жоспарлап отырмыз. Облыс әкімі оған барлық жағдайды жасап отыр.

Барар жері, басар тауы қалмаған азаматтарға әкімдік тарапынан арнайы жатар орын бөлініпті. Үш уақыт тегін тамақтандырылады. Қираған үйлері қалыпқа келгенше, адамдар осы жатақхананы паналайды. Бірақ зардап шеккендер бұл жағдай көпке созылып кетпесіне кепілдік жоқ деп, биліктен көмек сұрауға мәжбүр.

Берік ХАСЕНОВ