Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұнайдың әлемдік бағасы біртіндеп өсе бастады

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2014
  • 1251

Ұзаққа созылған құлдыраудан соң мұнайдың әлемдік бағасы біртіндеп өсе бастады. Бүгінде «Brent» маркілі мұнайдың фьючерсі 2,81% өсіп, бір баррелі үшін  72,18 долларды құрады. «Бұл жағдай Жапониядағы парламент сайлауының алдында орын алып отыр», - деп хабарлайды «РИА Новости». WTI маркілі мұнайдың өсімі 3,48% жетіп, барреліне 68,54 долларға жеткен.

Сарапшылар инвесторлардың мұнай экспорттаушы елдердің шешіміне наразылық білдіруге асыққанын айтады. Жуырда ОПЕК елдері Венада қара алтын өндірісінің көлемін төмендетпеу туралы шешім қабылдаған. Олар мұнай өндіру квотасын 30 миллион баррель көлемінде ұстап тұруға, нарықтағы өзгерістерді байқауға уағдаласты. Auerbach Grayson-нің Азиядағы  бөлімшесінің  вице-президенті Нихила Бхатнагараның айтуынша, егер мұнай бағасы осы деңгейде сақталса, инфляция болмайды.

Айта өтейік, мұнай бағасының  бұдан әрі құлдырауы әлемдік экономиканың әлсіреуіне әкеп соғуы ықтимал. 30 жыл бұрын тура осы себеппен Мексика қарызға белшеден батты. Ал КСРО ыдыраған болатын.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА