Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраудағы арнайы экономикалық аймақта жұмыс жандана бастады

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2014
  • 1428

Атыраудағы арнайы экономикалық аймақта жұмыс жандана бастады. 2007 жылы Елбасы тапсырмасымен ұлттық мұнай-химия технопаркі  құрылып,  үш жарым мың гектар жер телімі бөлінген еді. Бірақ аумақ қоршалып, бос тұрған. Бүгінде мұнда 32 компания тіркелген. 4 жобаның бойына қан жүгірді.

Айта кетейік, мемлекет басшысының Жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөлу тапсырылған. Олардың арасында Атырау мұнай химия технопаркі де бар.

Атырауда ұлттық мұнай-химия технопаркі үш аумақта шоғырланған: Атырау мұнай өңдеу, Теңізшевроил және Қарабатан зауыттары аумағында. Технопарктің басты мақсаты - бәсекеге қабілетті отандық мұнай-химия өнімін шығару. Арнайы экономикалық аймаққа бөлінген үш жарым мың гектар жердің әзірге 210 гектарында жұмыс басталды. Облыстық әкімдік өкілдерінің айтуынша, инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстар біршама атқарылыпты.

Ескендір Жаңатаев, Атырау облыстық кәсіпкерлік, индустриалдық-инновациялық басқармасы басшысының орынбасары:

Қарабатаннан арнайы экономикалық аймаққа дейін темір жол тармағы жүргізілді. Станция тұрғызылды. Темір жол үстінен өтетін автокөлік жолы салынды.  Сондай-ақ электр желісі, газ құбыры тартылды.

Бұл - технопарктің Қарабатан аумағы. Мұнда ірі төрт жоба іске асады. Олар - біріккен газ-химия кешенінің бірінші және екінші кезеңі, яғни полипропилен және полиэтилен  өндірісі.  Сондай-ақ полимер мен бутодин өнімдерін шығару жоспарда. Жобалар үшін инвестицияның жалпы көлемі - 1 триллионнан астам теңгені құрайды. Әзірге жұмысы қарқын алған жоба - полимер өндірісі.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Біз полимер өнімдерін шығаратын зауыт маңында тұрмыз.  Осыдан 4-ақ ай бұрын бұл маң бір де бір қазық қағылмаған ен дала болатын.  Қазір құрылыс жұмыстары қыз-қыз қайнап жатыр. 350 адам 2 ауысыммен жұмыс жасауда. Ал желтоқсан айының ортасында зауыттың жарты бөлігін сынақ ретінде іске қосу жоспарлануда.

Полимер өндірісі бұл - құм, цемент секілді құрылыс материалдарын, қант, ұн секілді азық-түлікті қаптайтын полипропиленді қаптар, сондай-ақ өнімдерді орап, буып-түюге арналған полиэтиленді және диоксалды пленкалар. Соңғы екеуін Қазақстан сырттан тасымалдайды. Сондықтан келер жылдан бастап отандық өнім нарыққа жол тартады.  Әзірге шикізатты сырттан тасуға тура келеді. «Бірақ алдағы үш жылдықта газ-химия кешені іске қосылғанда шикізат та отандық болады», - дейді кәсіпорын өкілдері. Зауытты толықтай келер жылы тамызда іске қосу жоспарланып отыр.

Бейбіт Теміртасов, зауыттың құрылыс жөніндегі басқарушы директоры:

Үлгереміз деп ойлап жатырмыз. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қыста да құрылыс болады. Оның қыздыруы болады. Шығын көбірек болады. Бірақ сапасын қарап сапалы жасаймыз.

Елбасы биылғы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жаңа инвестициялар тарту үшін жағдайды жақсарту керек деген еді. Сондықтан арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына қомақты қаржы бөлу тапсырылды.  Оның ішінде Атыраудағы мұнай химия технопаркі де бар.

Нұрлан Сыдықов, «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компания» АҚ басқарма төрағасы:

Мемлекеттің жалпы және өндірістік инфрақұрылымға қомақты қаржы бөліп отырғанын инвесторлардың білуі маңызды. Мысалы, инвестициялық жобаның жалпы құнының 20 пайызы инфрақұрылымға кетер еді. Сондықтан бұл өз кезегінде ірі инвесторларды тартуға ықпал етеді. 2014 жылға 24,5 млрд теңге. Ал 2015 жылға  - 68,5 млрд теңге, жалпы сомасы 93 млрд теңге бөлінгені белгілі болды. Біз қазір техникалық экономикалық негіздемені бекіттік.

Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, арнайы экономикалық аймақ алғашқы ірі жемісін 2018 жылы бере бастайды. Газ-химия кешенінің іске қосылуы аймақ қана емес, ел экономикасына жеткілікті инвестиция тартуға негіз болмақ.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ