Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО прокуратурасы улану оқиғасы бойынша тексеру жүргізбек

  • AstanaTV
  • 03 желтоқсан 2014
  • 1138

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы Қарашығанақта кешенді түрде тексеру жүргізбек. Бұл Бас прокуратураның санкциясы негізінде жүргізіледі. Егер газдың ауаға таралуы мен балалардың жаппай улануы арасында байланыс болса, онда аталған компанияға және оның жекелеген қызметкерлеріне шара қолдану мәселесі қойылмақ. Облыс прокуроры осылай деп мәлімдеді.

Құзырлы орынның дерегіне сай, бүгін түс ауа тап осы Березовка ауылында тағы 7 адам өздерін жайсыз сезініп, дәрігердің көмегіне жүгінген. Осылайша, денсаулығы сыр берген тұрғындар қатары 40-қа таяды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, 28 қарашада Березовка орта мектебінде сабақ үстінде 20 шақты оқушы есінен танып құлаған. Арада бір күн өткенде уланғандар саны 30-дан асты. Олардың газдан улануы мүмкіндігін дәрігерлер де жоққа шығармады.

Серік Қараманов, Батыс Қазақстан облысының прокуроры:

Қазір осы ауылға жіберілген мамандар не болғанын тексеруде. Дәрігер көмегіне мұқтаж 7 адамның алтауы - бала. Айта кетелік, бұл жолы да улану белгілеріне ұқсас екендігі анықталып отыр.

Прокурордың дерегінше, адамдар уланғанға дейін төрт күн бойы кеніште көмірсутегі газы ауаға таралған. Мұны тексеру анықтады. Ал экологтар көмірсутегі газының адам ағзасында біраз уақыт жиналғаннан кейін әсер ете бастайтынын айтуда. Ал кенішті игеруші «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының өкілі Стив Райт, прокуратураға 27 қарашада кеніште электр жарығы кенеттен өшіп қалғандықтан, қажетсіз газды жағып жібергендерін айтқан. Компрессор істен шыққан соң, газ екі минут бойы жердің астына емес, үстіне таралған. Бірақ мұның улануға себеп болған-болмағаны белгісіз. Тексеру бір ай жүргізілмек. Осыны жеткізген прокурорлар ауыл маңындағы топырақ қыртысы мен өсімдіктерден, су мен ауадан сынама алынып, тұрғындар мен жануарлар толық тексерілетінін айтты. Березовкада балалардың жаппай улануынан кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. 

Серік Қараманов, Батыс Қазақстан облысының прокуроры:

17 қарашадан бері төрт күн бойы ауаға тараған газ мөлшері қалыпты деңгейден артық болған. Бұл аздай араға екі күн салып, 27 қараша күні, тағы да екі рет газ шығарылды. Көмірсутегі газының көп мөлшерде тарағанын алдымен балалар сезінген болар деп отырмыз. Бірақ мұны дәлелдеу үшін көп уақыт қажет.

Еркін КАРИН