Русский Сайттың толық нұсқасы

Академик Мырзатай Жолдасбеков туралы деректі фильм түсаукесері өтті

  • AstanaTV
  • 03 желтоқсан 2014
  • 1557

«Мың жылдық жолаушы». Академик, түрколог, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков туралы деректі фильм дәл осылай аталады. Астанада бірегей фильмнің тұсаукесері өтті. «Қазақфильм» киностудиясы ұсынған бейнетуындының көрсетілімі «Ғасырлар аңсаған азаттық» атты деректі фильмдер апталығы аясында өтті.

Фильмнің авторы, әрі режиссері Жаңабек Жетірудың айтуынша, елу минуттық кинотуындыда ғалымның өмірі мен қызмет жолы бейнеленген. Сондай-ақ, тәуелсіздік алғанға дейінгі еңбегі де көрініс тапты. Деректі фильмнің түсірілімі бір жарым жылға созылған. Ал туынды Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарық көрді.

Мырзатай Жолдасбеков, ҚР мемлекет және қоғам қайраткері:

Мен жайында архив материалдарын ақтарды. Жаңа қарап отырмын, күні кеше қазақтың құрылтайы болған материалдары тұр екен. Жарқырап залда Димекең отыр, біз Нұрекең екеуіміз төрде отырмыз. Нұрекең жап-жас, мен де бүгінгідей емеспін. Мен де кішкене жастау болып көріндім. Өткен күннің белесі жоқ дейді - дұрыс емес, өткен күннің белесі бар. Сол өткен күннің белестерін көремін.

Жаңабек Жетіру, деректі фильм авторы, режиссер:

Фильмді біз 2012 жылы бастаған болатынбыз. Бірақ енді жалпы «Қазақфильмнің» өзінің деректі фильмге бөлетін уақыты қысқа. Сондықтан да біз «Қазақфильмнің» бөлген уақытын емес, Мырзатай Жолдасбековтың уақытымен есептестік. Себебі бұл кісі қоғам қызметкері, ғалым, көптеген салаларда жұмыс істеген. Сондықтан да біз ағамыздың уақытымен есептесіп, фильмді алты айға создық. Сол уақыт аралығында ағамыздың барлық еңбектерін оқыдық.

Жұрағат БАМАН