Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүгін құрлықтық хоккей лигасының кезекті тур ойындары өтеді

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2014
  • 1587

Бүгін құрлықтық хоккей лигасының кезекті тур ойындары өтеді. Қатарынан жеті ойында ұтылған елордалық «Барыс» командасы Омбының «Авангард» клубын қабылдайды. Оның үстіне төрт кездесуден шеттетілген бас бапкер Андрей Назаров ойынды көрермендер қатарынан тамашалауға мәжбүр. Спорт тақырыбын Самат Қанағатов тарқатады.

«Чикаго» командасы тағы да үздік шықты. Ұлттық хоккей лигасының кезекті турында «Сент Луис» клубын қабылдаған Джоэль Кенневильдің шәкірттері ірі есеппен жеңіске жетті. Екі кезең қорытындысы бойынша командалар 1-1 есебімен тең түсті. Үшінші кезең басталғаны сол еді, Крис Вертинг командасын алға шығарды.

Қалған уақытта да алған бетінен қайтпаған айдын иелері қонақтардың қақпасына тағы жауапсыз екі шайба соқты. Бұл сәттерде Патрик Кейн дубльдің авторы атанды. Бұл жетістігінен кейін 33 ұпай жинаған «Чикаго» клубы турнир кестесінің 6-шы сатысына көтерілді. Келесі ойында «Торонто» командасы «Вашингтон» клубын қабылдап, үш ұпайды олжалап кетті. Екінші кезеңнің басында айдын иелері 3-0 есебімен алда тұрды. Қарымта шабуылдың бірінде қонақтар Трой Бауердің көмегімен есепті қысқартты.

Дегенмен, бұл күні қарқыны мықты «Торонто» хоккейшілерін тоқтату мүмкін болмады. Қалған уақытта Рэнди Карлайлдың шәкірттері «Вашингтон» клубының қақпасына тағы үш шайба соғып, ірі есеппен басым түсті. 

Самат ҚАНАҒАТОВ