Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда боранның кесірінен бірқатар бағыттардағы көліктер қар құрсауында қалды

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2014
  • 1174

Павлодарда төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген кестедегі жұмыс ырғағына көшті. Ұйтқи соққан қарлы боранның кесірінен бірқатар бағыттардағы көліктер қар құрсауында қалды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, оларға төрт рет шұғыл шақырту келіп түскен. Сөйтіп, бір тәулік ішінде жолда қалып қойған 7 тұрғын құтқарылды. Екібастұз-Шідерті бағытында жол жиегіне шығып кеткен жеңіл көлікте екі адам болған. Оларға көмек дер кезінде көрсетілді. Ал, Успенка ауданының тұрғыны көлігі бұзылып, ай далада қалып қойған. Бірақ шұғыл жеткен құтқарушылар оған қол ұшын беріп, үйіне дін аман қайтарды.

Сондай-ақ, Екібастұз ауылдық аумағына қарасты Бәйет ауылы маңында 4 жолаушыға медициналық-құтқару пунктінің қызметкерлері жәрдем берді. Олардың екеуі жақын маңдағы дәмханаға жеткізілсе, қалған екеуі Екібастұз шаһарына жіберілді. ТЖД ақпаратына сай, зардап шеккендер жоқ. Құтқару шараларына 12 адам, 4 техника жұмылдырылды. 

Талғат Омаров, Павлодар облыстық ТЖД басқарма басшысы:

Қазір Павлодарда қатты жел соғады деп болжануда. Қалың қар түседі. Сондықтан облыстық және республикалық маңызға ие бірқатар бағыттар жабылуы мүмкін. Ал, тұрғындардың алыс жолдарға сапарға шығуды шектеуін сұраймыз.

Қарлы бұрқасын Ақтөбе тұрғындарын да әбігерге салды. Коммуналды сала өкілдерінде тыным жоқ. Ал төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ақтөбеліктердің алыс сапарға шықпауы қажеттігін ескертуде. Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Желтоқсанның 6 мен 7 күндері аймақта сынап бағанасы -25 градусқа дейін төмендейді деп күтіліп отыр. Республикалық маңызы бар жолдардың жабылуы да мүмкін.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ