Русский Сайттың толық нұсқасы

«Боруссия» көптен күткен жеңісіне қол жеткізді

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2014
  • 1646

Дортмунд қаласының «Боруссия» командасы көптен күткен жеңісіне қол жеткізді. Германия чемпионатының 14-ші турында «Хоффенхайм» клубын қабылдаған Юрген Клоптың шәкірттері 1-0 есебімен басым түсті. Бундеслига ойындарына Самат Қанағатов шолу жасайды.

Қатарынан жеті ойында ұтылып, турнир кестесінің көш соңына түсіп қалған «Боруссия» командасы жанкүйерлерін қуантты. «Хоффенхайм» клубымен болған кездесудегі жеңіс голын алаң иелері бірінші таймның 17-ші минутында соқты. Голдың авторы - Илкай Гюндоган.

Бұл голдан кейін шабыттанған Юрген Клоптың шәкірттері үзілістен кейін есепті еселеді. Бірақ қапталдағы төреші Обемеянгтың ойыннан тыс қалғанын тіркеп, голды есептемей қойды. Бұл жетістігінен кейін «Боруссия» клубы 14-сатыға көтерілді.

Германия чемпионатының бас жүлдесінен дәмелі «Бавария» командасы тағы да үздік шықты. Бұл сында «Байе» клубын қабылдаған Хосеп Гвардиоланың шәкірттері 1-0 есебімен жеңіске жетті. Кездесудегі жеңіс голын соққан Франк Рибери.

Бұл жетістігінен кейін 36 ұпай жинаған «Бавария» командасы турнир кестесіндегі басымдығын нығайтты.

Ал Менхенгладбах қаласының «Боруссия» және «Герта» командаларының арасындағы кездесу тартысты өтті. Бірінші таймда терезесі тең өнер көрсеткен екі ұжым үзіліске 1-1 есебімен кетті.

Екінші таймды ширақ бастаған алаң иелері қонақтардың қақпасына қатарынан екі гол соқты. Бұл сәттерде Шибер мен Рафаэль мергендігімен көзге түсті.

Қалған уақытта «Герта» футбошылары Калудың көмегімен есепті бір голға дейін қысқартқанымен, олардың одан артыққа шамалары келмеді. Қорытынды есеп 3-2 «Боруссия» командасының пайдасына. 

Самат ҚАНАҒАТОВ