Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент ғылыммен ұштасқан экономика құру қажеттігін айтты

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2014
  • 999

Нұрсұлтан Назарбаев жаңалыққа жаны құмар жастарды мектеп қабырғасынан даярлау қажеттігіне тоқталды. Осындай ойын Елбасы Алматыда өткен инновациялық даму мәселелеріне арналған кеңес барысында айтты. Президент еліміздегі индустрияландыру бағдарламасының екінші 5 жылдығы инновацияларға негізделгенін атап өтті. Айтуынша, осы орайда бар салмақ жастарға түседі.

«Ал, мемлекет жас инноваторларға барынша қолдау көрсетуге қашан да әзір», - деді Елбасы. Инновациялар өнімділік пен еңбек тиімділігін күрт ұлғайтуға алып келуі тиіс. Мемлекет инновацияның өсуін қолдайды. Соңғы 5 жылда бұл саланы қолдау көлемі үш есе өсіп, 50 миллиард теңгеге жетті. Президент, патент алу белсенділігі жағынан Қазақстан 141 елдің ішінде 42-орында екенін, айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз инновация жайында көптен бері айтып келе жатырмыз. Менің үш-төрт жолдауымда айтылған. Себебі бүкіл дүниенің, білімнің, ғылымның өркендеп өсуінің арқасында инновация арқылы мемлекеттер алдыңғы қатарға шығады. Біз айтып жүрміз ғой, өсіп, өркендеген 30 елдің қатарына енеміз деп, оған баратын жол - білім, инновация. Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығына кіріп отырмыз. Менің жастарға айтатыным - қазіргі уақытта жаңалықтарға бейімделіп, болып жатқан осы жаңалықтармен қатынасатын болса, өзі атақты да болады,  білімгер де болады, елге көп себін тигізетін болады.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА