Русский Сайттың толық нұсқасы

Желтоқсанның алғашқы жексенбісі отандық коммуналдық қызметтерге сын болды

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2014
  • 1039

Желтоқсанның алғашқы жексенбісі отандық коммуналдық қызметтерге сын болды. Қысы жайсаң саналатын оңтүстік аймақтар мен Алматыға өткен жексенбіде тоқтаусыз жауған ақ ұлпа қаладағы көлік қозғалысын қиындатып, алыс сапарға шығуға қамданғандардың жоспарын бұзды. Қалалардың арнайы қызметтерінің қос аяғын бір етікке тыққан қыс қылығы туралы Азамат Алдоңғаров тарқатады.

Қыстың алғашқы аязы Қарағанды облысында алыс жолға шыққан мигранттарды жолда қалдырды. Новосібірден Ташкентке  бара жатқан автобус сынып, жүргізуші Қарағандыға 40 шақырым жетпей тоқтауға мәжбүр болған. Өзбекстандық 54 азаматтың 4-еуі әйел, біреуі бала. Жолаушылар қақаған аязда сынған автобустың ішінде 2 сағат бойы отырып, әбден тоңған. Бақытына орай, жол патрульдік полиция қызметкерлері оларды байқап, құтқару экипажын шақырған.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

Қарағанды облысы әкімшілік полициясы алыс жолға шыққанда сақ болуға кеңес береді. Синоптиктер алдағы уақытта аяз сақталатынын айтқан.

Қыстың алғашқы күндері Алматыға да өз әлегін ала келді. Қаланың тауға жақын аудандарында қасат қардың қалыңдығы 60 сантиметрге жуықтаған. Қалалық әкімдіктің дерегінше, кешелі бері коммуналдық қызметтің көмегімен 7 мың текше метр қар шаһар сыртына тасымалданды. Жергілікті атқарушы билік қаланы қардан тазарту жұмыстарына 800-ден астам жұмысшы мен 700 арнайы техника жұмылдырған. Ал пәтер иелері кооперативтеріне аулааралық жолдарды өз күштерімен тазартуға нұсқау берілді.  Алдағы екі күнде бұл тапсырманы орындамаған коммуналдық мекемелерді шаһар басшылығы әкімшілік жазаға тартпақ.

Еркебұлан Оразалин, Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Осы бір тәулікте қала сыртындағы полигондарға 8 мың тонна қар шығарып үлгердік. Негізгі трассалар орта деңгейлі және аудан аумағындағы жолдардың тазартуы аяқталған жоқ. Ол үшін қазір барлық күш жұмылдырылып жатыр.

Толассыз қар қыстың қаһарына еті үйренбеген шымкенттіктерді де әбігерге салды. Боранда жолдың нашар көрінуіне байланысты  облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысы шектетілді. Қар құрсауынан 39 көлік пен 177 адам құтқарылды.

Оспанәлі Әбдірайым, ОҚО ТЖД  басқарма бастығы:

Департаменттен 51 техника мен 167 адам жұмылдырылды. Қазір тағы да тәуліктік кезекшілікте отырған екі бағытта қызметкерлер кезекшілік жасап жатыр.

Ақ бораған Астананың ауа-райы коммуналдық қызметтердің жұмысына жұмыс, жаңа әкімге жаңа уайым әкелді. Бас қаланың орталық көшелерінің қары аршылып бітер емес. Мәселен, елорданың бас шыршасы орнатылған алаңға келген жұрт тізеден қар кешуге мәжбүр. Ал қала тұрғындары мен қонақтарын «Ғашықтар саябағына» ешбір ұлы сезім айдап әкеле алмас. Серуендеуге арналған жолдарға күрек тимек түгілі, адам аяғы баспаған. «Қазгидромет» болжамы болса, көңілге «жылулық» ұялатпай тұр.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Коммуналдық қызметтердің жұмысын қыздырған боранды ауа райы солтүстік өңірлерде әлі де сақталады. Оңтүстік, Жамбыл және Алматы облыстарында жауған ақ ұлпаның арты үскірік аязға ұласады. Бұл өңірлерде ауа температурасы -25-ке дейін төмендейді деген болжам бар. Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстары, әдеттегідей, ең аязды өңір, -35. Ал бас қаланың қалың қарын аршып үлгермей жатқан елордалық коммуналдық қызметтің жұмысы алдағы күндері 30 градустық аязбен қиындай түспек.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ