Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде имам-молдалардың қызметтік этикасы қабылданды

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2014
  • 2723

Қазақстанда имам-молдалардың қызметтік этикасы қабылданды. Бұл туралы ақпарат Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының сайтында жарияланған.

Құжат бойынша имамдардың заманауи ақпарат құралдарын, ғаламторды, басқа да байланыс құралдарын жете меңгеруі міндет. Шешендік өнерді, сөйлеу әдебін игеріп, мешітке келушілерге көркем мінез көрсету керектігі де этикаға кіреді.

Сондай-ақ, құжатта дін қызметкерлері кәсібилікке ұмтылып, өзін жан-жақты дамытуға, қосымша ілім алуға ұмтылу керектігі жазылған. Үгіт-насихат жүргізіп, уағыз айтқанда тарихпен, салт-дәстүрімен ұштастыра отырып, би-шешендердің қанатты сөздерімен, мақал-мәтел, өсиетті өлеңдер мен ғибратты әңгімелермен көркемдеп айтуы керек делінген.

Қызметкерлер арасындағы ынтымақ пен бауырмалдық, олардың отбасы, әлеуметтік жағдайына мән беріп, керек кезде дұрыс шешім шығару да этикаға кіреді. Отбасында мұсылмандық тәрбие беріп, тіпті көршілерімен, туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болу керектігі де айтылған. Сонымен қатар, қызметтік этика бойынша имам-молдалар жақсы істерге, қайырымдылық шараларға бастамашы болуы керек.

Айта кетейік, этикалық нормалар Мұсылмандар діни басқармасының Ғұламалар кеңесінде қабылданған.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ