Русский Сайттың толық нұсқасы

Әкімдікке арналған қымбат көлікті «Павлодар облыстық авто шаруашылығы» алмақшы

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2014
  • 793

«Павлодар облыстық авто шаруашылығы» ЖШС, құны 13 млн теңгеге бағаланған премиум санаттағы көлікті өз қаржысына сатып алатындығын, мәлімдеді. 


Кеше бірқатар ақпарат агенттіктері мемлекеттік тапсырыс сайтында жарияланған лотта көрсетілген, удай бағаға сатып алынғалы отырған көлік жайлы ақпаратты жариялады. Әлеуметтік желілерде жергілікті әкімдік үшін алынғалы отырған көліктің алдымен қымбаттығы, одан соң алынатын автомобильдің техникалық талаптары талқыланды.

Компания басшылығы арнамызға берген сұхбатында мемлекеттік тапсырыс сайтында жарияланған лот бағасы шу шығарғанына таңданысын да жасырмады. «Сайтта көрсетілгендей, темір тұлпарға бірнеше талап қойылғаны рас», - дейді. Көлікті басқару тетігі автоматты, ал қауіпсіздік жастықтары кем дегенде алтау болу керек. Сондай-ақ, жылдамдық тежегіші күшейтілген, климат бақылағышы және басқаруы мультифункционалды болуы шарт. Кәсіпорын басшылығының сөзінше, бұл талаптарда еш әбестік жоқ. Мұны ол заманауи әрі қауіпсіздік шаралардың ескерілуінен туындаған жайт деп санайды.

Айта кету керек, компания бұған дейін де «Е» санаттағы көліктерді сатып алыпты. Бірақ ол сауда-саттықтарға дәл бүгінгідей қызығушылық болмаған көрінеді.

Бейбіт Сәрсенов, «Павлодар облыстық авто шаруашылығы» ЖШС директоры міндетін атқарушы:

Көлікті кәсіпорын өз қаржысына сатып алады. Жыл сайын біздің компания тасымалдау қызметін көрсету мақсатында түрлі байқауларға қатысады. Бұл жерде жұмысымыз тек әкімдік немесе мемлекеттік мекемелермен шектелмейді. Басқа да шараларды қамтуы мүмкін. Мысалы, салтанатты іс-шаралар мен тойларға қызмет көрсету. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ