Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкімет бензин бағасын арзандатпақ

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2014
  • 1156

Тосын, жағымды жаңалық. Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы төмендейді. Бұл мәлімдемені бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин жасады. «Тұтынушылар енді әлеуметтік бензинді 115, ал дизельді отынды 107 теңгеден алады», - деді вице-министр. Осылайша, Үкімет жанар-жағармай құнының тамыздағы деңгейін қайтармақ. Бірақ бекітілген бағаның қанша уақыт тұрақтайтыны тағы белгісіз. Сондай-ақ, ескі де жаңа бағамен бензин қай уақыттан бастап сатылатыны да айқын емес. Отын жыры мен құбылмалы баға саясатының қыр-сыры туралы Азамат Алдоңғаров тарқатады.

Көп күткен жаңалықтың сүйіншісін журналист қауымнан бүгін Ұзақбай Қарабалин мен Сауат Мыңбаев сұрады. Әлемдік нарықта құны қашқан қара алтын жағдайында неліктен бензин бағасы шарықтап тұр деп алаңдаған халық пен Парламентте отырып, «бензин арзандауы бек мүмкін» деп, болжам жасаған депутаттардың сөзі негізсіз емес. Үкімет бұрын болып көрмеген жанармайды арзандату акциясын іске асырмақ.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

Ресей рублінің айтарлықтай арзандауы мен әлемдік нарықта мұнай құнының түсуіне байланысты елімізге Ресейден үлкен көлемде арзандаған отын келуде. АИ-92 бензинінің бағасы 128-ден 115 теңгеге, АИ-80 89 теңге деңгейінде қалады, ал дизельді отын құны 115 теңгеден 107-ге төмендейді.

Десе де, жанар май бағасы туралы Ұзақбай Қарабалиннің жауабы екіұдай күйде қалдырды. Өйткені жағымды жаңалықтың ұзағынан болуы екіталай. Себебі елімізде жанармайдың құны тікелей Ресей нарығында орнаған бағаға тәуелді. Ал жаңа жылдан бастап Ресеймен қатар Қазақстан да бензиннің өз құнын ескере отырып, қосымша құн салығынсыз жеткізілген отынға ел ішінде салық пен мемлекеттік акциз құнын, сатушылардың табысын санап баға бекітеді. Ең қызығы - акциз құнын құзырлы министрліктер ай сайын реттеп отырады. Демек баға құбылмалы болады.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

Импортталған мұнай құнына қазақстандық акциз бен қосымша құн салығы салынады. Ал акциздердің құны ай сайын реттеліп отырады. Осылайша үкімет өзі реттеп отырған жанармай бағасын әлемдік нарықтағы мұнай бағасы мен Ресейдің салық саясатына байланысты өзгертеді.

Әлемдік нарықта мұнайдың құнсыздануы мен ішкі нарықта бензин бағасының төмендеуі «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының да шығынын қысқартып, бюджетін қайта қараудан басқа амал қалдырмайды. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен ақылдасып, мұнай құны 80 доллар болуы мүмкін деген қорытындымен бюджетті бекіткен олар қара алтынның мұнша арзандайтынын болжамаған.

Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Біз «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, мұнай бағасы 80 доллар болуы мүмкін деп кең пішіп бюджетті бекіткенбіз. Енді қазіргі жағдайға байланысты әлемдік бағаны ескере отырып, компания бюджетін қайта санаймыз. Мұнай бағасы, мысалы, 50 доллар да болуы мүмкін.

М
ұнайға жауапты мамандар қара алтын құнының барреліне 60 доллардан да төмен болу перспективасына әзір. Сондай-ақ Ұлттық компания басшысы «мұнайлы елде тұрып неге жанармайға жарымаймыз» деген сауалдың жауабын берді.

Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Қазақстанның мұнай өңдеуші зауыттары 100 пайыз қуаттылығына шығып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр дейік. Ал баға биылдың тамызандағыдай одақтас Ресейден 35 пайызға төмен болса, құрлықта 7 мың шақырым шекарасы бар, ішкі нарығы Ресейден 10 есе кем Қазақстанның шекарасынан отынның заңсыз тасымалдануын ешқандай милиция тоқтата алмайды. Одақтас болудың принципі де осы. Мұнайды ел ішінде аз немесе көп өндіру деген әңгіме орынсыз.

Бір сөзбен, Үкімет жанармай бағасы саясатындағы өзінің бүгінгі жаңалығын 1 қаңтардан жұмысын бастайын деп отырған экономикалық одақтағы бір ізділікпен, әлемдік жағдаймен байланыстырды. Енді бір айдан кейін баға қандай болуы мүмкін, халық тағы қандай өзгеріске әзір болғаны дұрыс - белгісіз. Көпшілік әзірге салыстырмалы түрде арзан бензинге қуанады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ