Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда баспанасы өртеніп кеткен тұрғындар қонақ үйде түнеп шықты

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2014
  • 1236

Ақтауда баспанасы өртеніп кеткен тұрғындар қонақ үйде түнеп шықты. Оларды ыстық тамақпен және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етуді облыс әкімі өз бақылауына алды.

25 пәтерлі үйдің ең жоғарғы қабатында орналасқан 8 пәтер отқа оранды. Ал төменгі бірнеше пәтерді су басты. Өрт кеше кешкі сағат бес шамасында қаланың қақ ортасындағы үйлердің бірінде басталды. Алдын ала болжам бойынша, өрт мың шаршы метрдей аумақты шарпыған. 40 адам жедел эвакуацияланды. Алапат өрт тек екі сағаттан соң әрең ауыздықталды. Тұрғындар қызыл жалынға жоғарғы қабаттағы дәнекерлеу жұмыстары себеп болды десе, енді бірі электр желілеріндегі ақаудан тұтанды деп болжайды. Оқыс жағдайдың нақты себебін өрт-техникалық сараптама анықтайды. Қазір материалдық шығын есептеліп жатыр.

Сүйіндік Алдашев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

Бірде бір тұрғын көмексіз қалмайды.Тұрғын үй де қалпына келтіріледі. Баспанасыз қалғандарды уақытша жатақханаларға орналастырамыз.

Тұрғын үйдегі өрт туралы аулада ойнап жүрген оқушы хабарлағаны белгілі болды. Түтінді байқаған бала жедел 101-ге қоңырау шалған. Өртті сөндіруге 16 техника жұмылдырылды. Жедел жәрдем мен полиция да осы жерден табылды. Құтқарушылардың мәліметіне сай, құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Баспанасының отқа оранғанын сырттай бақылаған тұрғындардың өрт сөндірушілерге өкпесі қара қазандай.

Сара Грумова, жапа шегуші:

Өрт сөндірушілер кеш келіп, барлық команда келмейінше, ештеңе істей алмай тұрып қалды. Олар жеткен кезде бесінші қабат пен мансардтық қабат толық жанып бітті. Далада қалдық, мен ешбір құжатсыз сыртқа жүгіріп шықтым.

Бахытбек Есенбеков, Маңғыстау облыстық «Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары» ММ бастығы:

8 пәтер өртенді: бірінші бөліктен 9 бен 12-ші пәтерлерге дейін, екінші бөліктен 22 мен 25-ші пәтер арасы отқа оранған. Біз келгенде мансарда түгелдей өртеніп жатты.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА