Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтаудағы ірі өрт оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 10 желтоқсан 2014
  • 1015

Ақтаудағы ірі өрт оқиғасына байланысты облыстық ішкі істер департаменті Қылмыстық Кодекстің 256-бабы, яғни, өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы фактісі бойынша іс қозғады. Бұл туралы Ақтау әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов хабарлады, деп жазады «Интерфакс Қазақстан».

Ал, баспанасы өртеніп кеткен тұрғындар қонақ үйде түнеп шықты. Оларды ыстық тамақпен және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етуді облыс әкімі бақылауына алған.

Айта кетейік, Ақтауда 25 пәтерлі үйдің ең жоғарғы қабатында орналасқан 8 пәтер отқа оранды. Төменгі бірнеше пәтерді су басты. Өрт дүйсенбі күні кешкісін қаланың қақ ортасындағы үйлердің бірінде басталған.

Алдын ала болжам бойынша, өрт мың шаршы метрдей аумақты шарпыды. 40 адам жедел эвакуацияланды. Алапат өрт тек екі сағаттан соң әрең ауыздықталды. Тұрғындар қызыл жалынға жоғарғы қабаттағы дәнекерлеу жұмыстары себеп болды десе, енді бірі электр желілеріндегі ақаудан тұтанды, деп болжайды. Оқыс жағдайдың нақты себебін өрт-техникалық сараптама анықтайды. Материалдық шығын есептеліп жатыр.

Базаркүл ОТЫНШИЕВА