Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-ғы Берёз ауылы мектеп оқушыларының алғашқы легі ем-дом алу үшін «Ақжайық» шипажайына аттанды

  • AstanaTV
  • 10 желтоқсан 2014
  • 1264

Белгісіз газдан уланған Батыс Қазақстан облысындағы Берёз ауылының балалары енді саулығын шипажайда түзейтін болды. Мектеп оқушыларының алғашқы легі ем-дом алу үшін «Ақжайық» шипажайына аттанды. Облыс атқамінерлері мектеп оқушыларының барлығын шипажайда тынықтыруды көздеп отыр.

Жедел жәрдем мен полицияның көлігін ерткен автобуспен жеткізілген 20 оқушыны ең алдымен дәрігерлер қабылдап, балалардың денсаулығын тексерді. Мұнда келген оқушылардың әрқайсысы жеке-жеке ем-дом алады.

Шипажайға екі-үштен бөлініп орналастырылған жеткіншектер енді арнайы ем-шараларын қабылдап, осында он күн тынығады. Ойда жоқта сабақтан босап, асыр салған балалардың қуанышында шек жоқ. Дегенмен, сол күні болған оқиға әлі олардың көз алдында.

Мақсат Қаменов, БҚО Берёз орта мектебінің оқушысы:

Сол күні біз алгебра сабағында отырдық, сонда бір қыздың басы айналып, құлап қалды. Сосын одан кейін тағы да екі қыз құлады. Олар
, видимо это, түнімен газ болғасын, таңертең шыққанда мектепке келгенде басы айналып құлаған.

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының Берёз балаларын шипажайда сауықтыру туралы бастамасын, жергілікті кәсіпкерлер қолдаған. Олар барлық шығынды өздері көтеріпті. Ал ауылда қалған өзге оқушылар жоспар бойынша, Жаңа жыл мерекесінен кейін тынығады. Осылайша, Берёз орта мектебінің оқушыларын түгелдей сауықтыру көзделіп отыр.

Нұрлан Сабыров, БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

Балалардың, оқушылардың жататын орындарын, тамақ ішетін орындарын, басқа да, кітапхана, спортпен шұғылдану бөлмелері, жүзу бассейндері сияқты балалардың бос уақыттарын өткізетін орындарын көріп шықтым. Ойлаймын, оқушылар келген жақсы тынығып, өздерінің денсаулықтарын сауықтыруда пайдаланады деген ойдамыз.


Балалар мұнда тек тынығып қоймай, сабақтарын да жалғастырады. Кестеге сай пәндер оқытылмақ. Бұл іс шипажайға жақын ауыл мектептерінің мұғалімдеріне жүктеліп отыр.

Сағира Меңдіханова, БҚО Берёз орта мектебінің оқытушысы:

Бірінші кіргеннен осы балалардың қуанғанына мен өте ризамын. Олармен бірге мен де қуаныштымын. Сондай өздерінің көздерінде сондай қуаныштары болды.

Айта кетелік, 28 қарашада Батыс Қазақстан облысындағы Берёз ауылында жиырмадан астам оқушы сабақ үстінде әлсіреп құлап, ауруханаға түскен еді. Аяқ-қолы жансызданып, басы айналған олардың, белгісіз газдан уланғаны расталды. Дәрігер көмегіне жүгінген 90 адамның қазір бесеуі ауруханада емделуде. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс те қозғалды. Тұрғындар бұған ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішін кінәласа, прокуратура да сол күні кеніште ауаға газ таралғанын анықтаған. Дегенмен, тексеру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Еркін ҚАРИН