Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада Байқоңыр түбіндегі Ақай ауылы ауыз суға зәру

  • AstanaTV
  • 11 желтоқсан 2014
  • 2926

Байқоңыр түбіндегі Ақай ауылы ауыз суға зәру. Озық ғарыштық ғылым жетістіктерімен күн көріп отырған қалаға іргелес жатқан ауылдың тұрғындары таза суды күткеніне 15 жыл болды. Биыл мамырда басталған құбыр тарту жұмыстары аяқсыз қалыпты. «Сең қозғалғандай болғанымен», жұмыс аяқталмаған. Есесіне қазылған шұңқырлар аяқ алып жүруге кедергі болып отыр, дейді ашынған ауыл халқы. Тұрғындар балаларының қауіпсіздігіне аландаулы. Шарипа Сақтапованың репортажы.

Мейрамкүл апа ауыз су тапшылығына төзуге еті үйренгенін айтады. 15 жылдан бері судан таршылық көріп келеміз, дейді. Су құбырларын ауыл ішінде тарту жұмыстары басталғанда, үміт оты жанған, деп еске алады. Ал, қазір ол жұмыстар тоқтаған. Есесіне ауыл іші орға айналыпты.

Мейрамкүл Әметова, Ақай ауылының тұрғыны:

Жеріміз қазулы екі жылдан бері, оған балдарымыз түсіп кетіп, оқудан келе жатып түсіп кетіп жатыр. Машиналар қисайып жатыр, мысалы. Адамдарымыз жолдан жүре алмай былай-былай жатыр.

Ауыл халқының айтуынша, су таситын көлік мұнда айына бір-ақ рет келеді. Сол кезде әр отбасы шамаларына қарай сатып алып, мынадай жер асты құдықтарына құяды. Десе де, «сатып алынған су жеткіліксіз. Бір-бірімізден, тіпті қарызға қара суды аламыз, - деп қынжылды зейнеткер.

Мейрамкүл Әметова, Ақай ауылының тұрғыны:

Бізге су керек. Бір водовоз - 2 мың 600 теңге, ол суымыз 20 күнге ғана жетеді. Балаларымыз көп, жаялықтары жуылмай жатады арасында су тапшы болғандықтан.

Ауыл халқы үшін тағы бір күрделі мәселе, ол адам өміріне қауіпті ашық жатқан шұнқырлар болып отыр. Жер астына салынатын су құбырлары үшін қазылған шұңқырларды уақытша болса да, көміп тастауға ешкім асығар емес, - дейді.

Әбу Ерімбетов, Ақай ауылының тұрғыны:

Мынау көшені қазып біткен жоқ, осылай тастады да кетті. Бітпейтің болса, қазбау керек еді, керегі жоқ.

Ақай ауылы, аты жер жарған Байқоңыр қаласымен іргелес орналасқан. Мұндағы 5 мыңға жуық халықтың тең жартысы суды сатып алып, ішеді. Қалғаны өздері аула ішінен қазып алған құдықты қанағат етуге мәжбүр. Ал ауыл әкімі сабырлы кейіп танытты. Ауыз су мәселесін мемлекеттің «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы келесі жылы толықтай шешеміз деп сендірді.

Райхан Байшораева, Ақай ауылының әкімі:

Биылға бөлінген қаржы - 166 миллион теңге. Жалпы, жүргізілу керек 25 шақырымдай, қазіргі таңда қазылып отырғаны 20 шақырым жер қазылды. Оның 15-не құбырлар жүргізілді. Қалған жерге енді құбырлар жүргізілмей тұр.

Аймақ басшысы биыл мамыр айында басталған құбыр тарту жұмыстары келесі жылдың жазында жалғастыратынын жеткізді. Ал оған дейін Ақай тұрғындарына тағы бір қыс пен көктемді су тапшылығымен өткізуге тура келеді.

Шарипа САҚТАПОВА