Жапонияда тұрғындар саны азайып кеткен.
Осыған орай мұнда жұмыс күшінің жетіспеушілігі байқалады. Шетелден жұмысшылар
тарту жоспарланған еді. Бірақ йеннің құны күрт төмендегендіктен, бұл бастама да
тығырыққа тірелді. Елдегі валюта йеннің курсы премьер-министр Синдзо Абэ түрлі қаржылық
шараларды қолға алған соң құлдырай бастады.
Абэ үкімет басына келген 2012 жылдың
желтоқсанынан бері йен құны долларға шаққанда, 40% дейін төмендеп кетті. Салдарынан әсіресе, құрылыс
саласы тоқырап тұр. Елдің солтүстік шығыс аймағы 2011 жылғы жер сілкінісінен
едәуір зардап шеккені белгілі. Сол кезде қираған нысандарды қалпына келтіріп,
2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға қажетті нысандар салу үшін мұнда өз ісіне
жетік, құрылысшы мамандар керек. Бүгінде Жапонияда шамамен 230 мыңдай жұмыс
күші жетіспейді. Жағдайдың күрделі сипат алуының тағы бір себебі бар. Елде туу
көрсеткіші күрт төмендеп, есесіне қарт кісілер көбейген.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА