Русский Сайттың толық нұсқасы

Давос саммитінің сарапшылары тығырыққа тірелді

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2016
  • 1275

Ал жаһандық экономиканың жай-күйі Швейцарияның Давос қаласында өтіп жатқан экономикалық саммитте талқыланып жатыр. Оған Қазақстан Премьер-министрі де қатысты. Әлемнің беделді саясаткерлері мен экономистерін жинайтын дәстүрлі жиынның бүгін екінші күні аяқталды.

Рейтерс агенттігі әйгілі саммит бұрын соңды дәл осылай көңілсіз өткен емес деп жазады. Агенттік, әлемдік экономиканың соңғы жеті жылдағы проблемалары шешілмек түгілі, шиеленісе түсті, дейді. Қытай дамуының тоқырауы юаннің құнсыздануына алып келді. Мұнай бағасы тарихи шегіне жетіп, қор нарығын тұрақсыздандырды. Оның үстіне, Американың федералды қор жүйесі соңғы он жылда алғаш пайыздық үстемақыны көтеріп, маусымда бұл қадамын қайталамақ ниетте. Парсы Шығанағы аймағы, Корей түбегіндегі жағдай, шешімі көрінбейтін Еуропаның босқындар мәселесі мен террористер проблемасы әлем саясаткерлерін тығырыққа тіреп отыр. Осы мәселелердің шешімін таппаққа жиналған сарапшылар болса, Қытай экономикасының құлдырауына алаңдаушылық білдірді.

Сума Чакрабарти, Еуропа қайта құру және даму банкі президенті: 

Қытай үшін басты міндет - кешенді реформа. Бұл туралы менің Бейжіңге сапарым кезінде Қытай премьері Ли Кецян айтқан-ды. Бұл ішкі сұранысты жаңа деңгейге көтеруі тиіс. Қытай алып экспорттаушы ел болғанымен, ішкі сұраныс мүлдем төмен. Бұл шынымен үлкен реформаларды талап етеді.

Саммитке қазақстандық делегацияны премьер-министр Кәрім Мәсімов бастап барды. Үкімет басшысы саммит алаңында Дүниежүзілік банк президенті Джин Киммен кездесті. Премьер-министрдің ресми сайтында хабарлағандай, Халықаралық қайта құру және даму банкі мен үкімет арасында Қазақстанда банк кеңселерін ашу туралы келісім жасалған.

Еліміз Дүниежүзілік банк жүйесіне 1992 жылы қосылды. Содан бері халықаралық қаржы ұйымы Қазақстандағы 45 жобаға 7 миллиард 900 миллион АҚШ ақшасын құйды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ