Мәжілісмендер Президент Жолдауындағы
тапсырмаға сай жүзеге асып жатқан жаңа тұрғын үй бағдарламасын сынға алды. Ол бойынша
алғашқы пәтерлер келесі жылдың көктемінде қолданысқа берілмек. Бұл туралы «Нұр
Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының отырысында «Бәйтерек» холдингінің
төрағасы айтты. Баспана алғашқы жарнасыз, пайызсыз жалға беріледі. Бірақ ең басты шарты -
үміткер тұрғын үй кезегінде тұруы тиіс. Қуандық Бишімбаевтың мәліметінше, шамамен 300 мың адам пәтер кезегінде тұр.
Алдымен, солар
қамтылмақ. Алайда баспана барлығына жете ме деген сұрақтың басы ашық күйінде
қалды.
Жаңа
бағдарламаның тізгінін қолға алған «Бәйтерек» холдингінің төрағасы сұрақтың астында
қалды. Бағдарламасын жыл соңына дейін бекітіп алуды мақсат тұтқан еді. Бірақ жобаның орындалу механизміне
депутаттардың көңілі толмады. Түсініксіз тұстар көп, мәселен
баспананы сатып алу құқынсыз жалға беру жолдары пысықталмаған. Тұрғын үйді
бөлетін комиссия құрамы нақты емес. Есесіне бөлінетін қаржы мөлшері белгілі.
Жоспарды өміршең етуге алдағы жылы Ұлттық қордан 92,
ал 2016 жылы 52 млрд теңге бөлінбек. 2020 жылға қарай бұл сома 250 млрд теңгеге
жетеді. Қуандық Бишімбаевтың есебінше, тұрғын үйдің Астана мен Алматыдағы
бағасы шаршы метріне 185 мың теңге. Егер
үкімет құрылысы аяқталуға жақын қалған, дайын үйді сатып алса, онда баға 200
мың теңге болуы мүмкін. Ал аймақтарда шаршы метр 150 мың мен 165 мың теңге
аралығында болмақ.
Қуандық
Бишімбаев,
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:
Осы
бағдарлама бойынша берілетін пәтерлердің орташа аумағы 80-85 шаршы метрден
аспайды. Екі бөлмелі 50-55, бір бөлмелі пәтер 35-40 шаршы метр болады. Теңгемен
есептегенде, Астана мен Алматы үшін арендалық төлем 52 мың, ал
аймақтар шамамен 50 шаршы метрлік үй үшін 42 мың теңге төлейді.
Алайда
Мәжіліс төрағасының орынбасары бұл шаршы метрлер тым үлкен, деді.
Дариға Назарбаева Мәскеуде оқып жүрген кезінде ауқымы 42 шаршы метр болатын 3
бөлмелі пәтер жалдап тұрғанын еске алды. Айтуынша,
сол кездері 3 бөлме үшін 42 шаршы метр өте жақсы деп саналған.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті
Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі:
Эконом класстағы әлеуметтік деп
саналатын үш бөлмелі тұрғын үй үшін 80-85 шаршы метр аумақ - тым көп. Екі бөлме үшін
де 50-55 шаршы метр аз емес. Біз пәтерлерді көп адам алса екен,
дейміз. Сондықтан үй аумағын қайта қарауды ұсынамын.
Мәселені
қызу талқылаған депутаттар жаңа
бағдарламаның операторы ретінде таңдалған «Қазақстан ипотекалық компаниясын»
да сынға алды.
Нұртай
Сәбилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан»
фракциясының мүшесі:
«Қазақстан ипотекалық компаниясының» қордаланған шығыны өткен жылдың 31 желтоқсанында 19,6 млрд теңгені құрады.
Қаржылық жағдайы осындай бола тұра, компания тұрғын үй нысандарын қалай
қаржыландырып, бюджет қаржысын қалай қолданады?
Бағдарлама
жастарға арналған. Тұрғын үйдің 50 пайызы 35 жасқа дейінгі жас отбасыларына
беріледі. Ал өзгесін кезекте тұрған көп балалы аналар мен әлеуметтік әлжуаз
топтар алмақ. Мұны бақылау әкімдіктердің
құзырында. Депутаттар жемқорлықты болдырмау үшін,
кезекті реттеп, баспана бөлетін комиссия құрамына мәслихат депутаттарын да
қатыстыру керек деген ұсыныс тастады. Алайда, баспана барлығына жете ме жоқ па,
мәселе сонда.
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек»
Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:
Маған
кезекте қанша адам тұрғанын нақты айту қиын. Шамамен 300 мың адамдай болар.
Оларды түгел баспанамен қамту мүмкін бе, мүмкін емес пе деген сұраққа жауап
бермей-ақ қояйын, ол фантастика болады. Мен қазір қай бағытқа қаржының жұмсалатынын және
нақты жоспарларымыз туралы айта аламын.
Жаңа бағдарлама бойынша баспанасы 20 жылға беріледі жалға. Депутаттар жалдап тұру мерзімін шектемеу керек деген бастама көтерді. Дариға Назарбаева дамыған елдер тұрғындарының 40 пайызы үйлерін арзан бағаға жалдап өмір сүретінін мысал қылып, адам тұрғысы келсе, өмір бойы жалдап тұра берсін деген ұсынысын білдірді. Айта кетерлігі, жалдамалы баспанадан журналистер де өтініш беріп, үмітті бола алады. Алайда ол үшін кезекке тұру керек. Бірақ ол кезектің қандай жылдамдықпен жылжитынын айту қиын.
Айгүл
ӘДЕПБАЙ