Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысындағы Жөлек ауылына су басу қаупі төнді

  • AstanaTV
  • 22 желтоқсан 2014
  • 3793

Қызылорда облысындағы Жөлек ауылына су басу қаупі төнді. Қазір жергілікті билік судан қорғанудың қамына кіріскен. Ал, даладағы малшылар ауыл ішіне көшіріліпті. Тұрғындардан маза қашты. Олар дарияның иінінде қатқан мұзды ерітіп, суды ағынымен жіберу қажет дейді. Ал жергілікті билік жағдай бақылауда, ауылға ешқандай қауіп жоқ деп отыр. Аймақтағы әріптесім  Шарипа Сақтапова Жөлек ауылында болып, тараптарды тындап қайтты.

Тұрғындардың айтуынша, мына мұз айдыны ауыл шетінде осыдан 3-4 күн бұрын пайда болыпты. Іргедегі кішкене арал жағасынан шығып, мектепке барар жол мен көпірді шайып өтті. Осының салдарынан шетте тұратын балалар бірнеше күннен бері мектепке қатынауды қойған.

Ажарбибі Серікбаева,  Жөлек ауылы  № 152 мектептің 6 сынып оқушысы:

Тікелей жолмен баратын едік, бірақ ол жолды су алып кетті. Біз айналмалы жолмен барамыз, бірақ ол жақтын иттері көп. Үш күннен бері мектепке бармай жүрміз.

Бибіажар Әуелбекова, тыл ардагері:

Енді бүгін-ертең жармаса, бұл ауылдан бала-шаға түгел кетеді. Мына кішкене балаларымыз кетіп қалады деп қорқып отырмыз.

Ауыл әкімі Жөлекке топан су күтпеген жерден келді дейді. Десе де, дер кезінде барлық қауіпсіздіқ шаралары жүргізіліп, арнайы техника тартылып, бөгеттер бекітілгенін айтты.

Бегімтай Сатаев, Жөлек ауылының әкімі:

Шымкент жақта сең пайда болғанда, сол сең келіп біздің иінге келіп қазір тұр. Қайтадан күн жылып кетіп, артынан келген су тіреп, сол Құярлықпен су осында келіп тұр. 3-4 күн болды келгеніне, жайлап келіп жатыр. Ең соңғы вариант - егер су көтеріліп, қауіп болып жатса, мынау жолды жығып, былай қарай жібереміз.

Екі мыңға жуық тұрғыны бар Жөлек ауылы Сырдария жағасында орналасқан. Сондықтан төтенше жағдай құтқарушылары да қазір ауылды назарға алыпты.

Сағымбек Өмірзақов, Қызылорда облыстық ТЖД басшысы:

Су деңгейі 50-60 сантиметрге көтерілгенімен, елді мекенге еш қауіп жоқ. Төрт жедел топ ұйымдастырылып, олар тәуліктік кезекшілікке көшті. Күзде Сырдария өзеніне мониторинг өткізгенімізде, 31 қауіпті жер белгіленді. Қазіргі уақытта барлық жерде бөгеттер бекітілді.

Құтқарушылар дарияның бетінде қатып тұрған мұз жұқа екенін айтады. Сондықтан оны арнайы жару жұмыстары жүргізілмейді деді. Бүгінгі күні Сырдария бойында орналасқан малшылар отбастарымен ауылға көшіріліпті.

Шарипа САҚТАПОВА