Русский Сайттың толық нұсқасы

2014 - дамудың жаңа бағыты айқындалған жыл

  • AstanaTV
  • 31 желтоқсан 2014
  • 1137

2014 - дамудың жаңа бағыты айқындалған жыл. Президенттің халыққа бір жылдағы екі Жолдауы Қазақстанның саяси өміріне және экономикалық қарқынына серпін берген оқиға болды. Мемлекет басшысы дәстүрлі конституциялық жолдау «аптығып орындайтын асығыс құжат» емес екендігін айтты. «Алдағы екі-үш жыл оңай болмайды» дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев қарашадағы Жолдауында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын таныстырып, елді дамытудың тың жеті бағытын ұсынды. Жаңа бағдарлама Қазақстанға қандай мүмкіндіктер береді, нендей міндет жүктейді? Азамат Алдоңғаров тарқатады.

«Нұр Отан» партиясының қарашада өткен саяси кеңесін түйіндей келе, Елбасы күтпеген мәлімдеме жасады. «Нұрлы жол» стратегиялық құжатын жариялады. Көпшілік Мемлекет басшысының үндеуі дәстүр бойынша алдағы қаңтарда жарияланады деп күткен. Биылғы екінші Жолдау болғанымен, бұл жолғы «жаңа Жолдау уақыттың талабы» екенін Президент айрықша атады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдымыздағы 2-3 жыл оңай болмайды. Бүкіл дүниеге де, елімізге де. Сондықтан біз не істеуіміз керек, қандай шаралар қолдануымыз керек? Осыған орай, Жолдауды ертерек айтайын деп отырған себебім - қалған 50 күннің ішінде, жаңа жылға дейін Үкімет оны орындауға даярлануы тиіс. Өз шараларын қолданып, жаңа жылдан бастап іске кірісуі керек. 

Сонымен, Президент айтқан басым жеті бағыт ел өмірінің қай салаларын қамтымақ? «Жетеудің» алғашқысы тарих қойнауына кеткен ұлы «Жібек жолын» қайта тірілту. Инфрақұрылым – мемлекет қолға алар басты міндеті болып отыр. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкімет әлемдік қаржы институттарының басшылығымен келіссөздер жүргізді, мен өзім жеке кездесулер өткізіп, әлемдік банктер 90 қазақстандық жобаға 9 млрд АҚШ долларын инвестициялауға дайын, 9 миллиардты біз саламыз, Ұлттық қордан бөлінген 1 трлн теңге бар, ол 6 млрд доллар, сонда бас аяғы 24 млрд долларды инфраструктура, жол бағдарламасына саламыз. 

Ел жүрегі Астананы өңірлермен байланыстарын жаңа жолдардан қомақты пайда табу жоспары да бар. Сондай-ақ, ел үмітін нақты мүмкіндікке жалғаған жеті бағыттың бірі - әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысы. Пәтерді 1-2 пайыздық үстемақымен, бір тиын бастапқы жарнасыз халыққа беру, қазіргі банктердің тұтынушыға салған салмағынан кейін, тіпті тегін үй тәрізді сезілді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет халыққа ұзақ мерзімді жалға берілетін, кейін сатып алу мүмкіндігін қарастыратын әлеуметтік тұрғын-үй құрылысын бастайды. Қазіргі баспананы несиелендіру жүйесі үлкен бастапқы жарнаны талап етеді. 20 пайыздық үстем ақы - ашық тонау, халық төлей алмайды. Бұл бағдарламалар қалады, қалталы азаматтар көтере алады оны. Ал жаңа жоба жас отбасыларға, баспанаға мұқтаж адамдарға арналған.

Мұқтаждықты өтеуге Ұлттық қордан 180 млрд теңге бөлінді. Келесі әлеуметтік бағыт - мектеп тапшылығын жою,бала-бақша мәселесін шешу. Бұған мемлекет қосымша 90 млрд теңге бермек. Мемлекет басшысы қомақты қаражаттың асқан жауапкершілікпен жұмсалуын талап етті.

«Мұнай саудасынан Ұлттық қорға аударып келген қаржы қиын-қыстау кезеңде елді тағы құтқарады», - деді Президент. Былтыр ақпанда экономиканы қолдауға 1 трлн теңге бөлініп, биыл оның жартысы игерілді. Енді қалған 500 миллиардты игеру жоспарда. 100 млрд теңге шағын орта бизнесті, ірі кәсіпорындарды қолдауға, 250 млрд теңге банктерді сауықтыруға, 100 млрд теңге тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға жұмсалмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дәл қазір осы біздің қорымызды қажетке жаратар кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша пайдалануы тиіс.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Биылғы Жолдау - жемісін бір жылда бере қоятын құжат емес. Оны толық іске асырып, қызығын көру үшін ондаған жылдар мен қажырлы еңбек қажет. Бір сағат бойы жоспарының бүге-шүгесін шенділер мен халқына түсіндірген Мемлекет басшысы сын сағатта шабыттанып жұмыс істеуге үндеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ