Русский Сайттың толық нұсқасы

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастайды

  • AstanaTV
  • 31 желтоқсан 2014
  • 4371

Ертеңнен бастап Еуразиялық экономикалық одақ ресми түрде жұмысын бастайды. Қазақстан, Ресей және Белоруссия бұл шешімге бір күнде келген жоқ. Алдымен 2010 жылы Кедендік одақ құрылды. Содан соң, жылдар бойына ортақ экономикалық кеңістік құру жолында үш елдің заңнамасын біріздендіру жұмыстары жүргізілді. Биыл одаққа тағы екі мемлекеттің енетіні белгілі болды. Армения - екінші қаңтардан бастап жаңа одаққа мүше. Ал Қырғызстан мамыр айында бірігуге әзірленіп жатыр.

Астана, 29 мамыр. Үш ел президенті Еуразиялық одақ құру туралы келісімге қол қойды. Жылдың басты оқиғасына баланған дәл осы күні Армения мен Қырғызстан президенттері де одаққа бірігетінін мәлімдеді. Бір жыл ішінде қажетті құжаттарды шұғыл реттеуге уәде берді. Қазақстан Президенті, Еуразиялық Одақ туралы сөз қозғағанда, үнемі оның тек экономикалық ұйым екенін еске салып отырды. Мәскеу студенттеріне дәріс оқығанда Елбасы Кеңес одағының қайта тірілуі мүмкін еместігін шегелеп айтты. Оның басты себептерін жіліктеп берді. «Біріншіден, бүгінде кеңестік үлгідей институционалдық база жоқ. Ол тарихтың қойнауына кетті. Екіншіден, посткеңестік елдер өз ерекшеліктері мен дәстүрлеріне негізделген мығым мемлекет құрып үлгерді. Үшіншіден, қазіргі меншік жүйесі, әлеуметтік құрылым мен қоғамның экономикалық ахуалы кеңестік ескіліктен ертеде озып кеткен», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдік тәжірибе - интеграция - экономиканың ұзақ мерзімді тұрақты дамуының кепілі және азаматтардың бақуаттылығын арттырудың бір жолы. Еуразиялық экономикалық одақ - жаһандық байланыстан ажырамайтын ашық экономикалық ұйым, керісінше Еуропа мен Азияның арасындағы көпір деуге болады.

Одақ құру барысында тағы бір сұрақ көлденеңінен шықты. Бір кездері еуроны айналымға енгізген Еуроодақ елдері секілді ортақ валютаға көшуіміз мүмкін бе? Көңілде мұндай күдіктің ұялауына  кейбір ресейлік ақпарат құралдары әсер етті десек те болады. Ал Қазақстанда Ұлттық банктен бастап Үкімет мүшелеріне дейін мұның мүмкін еместігін айтумен болды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары (29.11.2014):

Бұл жерде ешқандай саясат жоқ. Осы одақты құру кезінде саясатқа байланысты мәселелер қаралған жоқ. Ұлттық қауіпсіздікке байланысты сұрақтар қозғалмады. 

Армения мен Қырғызстан түпкілікті қосылғасын, одақ құрамында бес мемлекет болады. Ортақ нарық. 180 миллионнан астам тұтынушы. Сауда-саттық ешбір алым-салымсыз еркін жүреді. Бір жағынан мұндай экономикалық модель өндіруші, тасымалдаушы, сатушыны «не бел, не белбеу кететін» бәсекеге төтеп беруге итермелейді. Болмаса, алып нарықта жұтылып кетуі бек мүмкін. Шекарада шектеу болмаса, тұтынушы баға қайда арзан, сонда ауып кетуі мүмкін. Оған жол бермеу үшін, әр ел өз нарығын қорғаштайтыны белгілі. Немесе кеңістікте баға теңеседі. Мұның салдары кейбір тауарлардың арзандауына, ал кейбірінің қымбаттауына соқтырмақ. Жуырда төрағалық мәселесі де шешілді. Тартысқа бармай, кезек әліпбиге сәйкес белгіленді. Осылайша одақтың алғашқы төрағасы болып Беларусь тағайындалды.

Мөлдір Бақыт-қызы:

Дегенмен, Беларусь пен Ресейдің өзі Еуразиялық одақтың басты қағидаларына қайшы келетін қадамдарға бара бастады. Мәселен, Ресей нарығына Белоруссияда жасалған деген жапсырмасы бар теңіз тағамдары ағыла бастаған. Еуропалық жеңсік астың дәмін сезіп қойған Ресей реэкспортқа тиым салды. Бұл одақ шартына қайшы. Және де кейбір азық-түлік санитарлық талапқа сай емес деп, шектеу қойып тастады. Оған Беларусь тарапы көп ойланбастан, Ресеймен шекараға кедендік тексеріс бекетін қасқайтып қойды. Сайып келгенде, аумалы-төкпелі геосаяси оқиғалар жаңа одаққа өз өзгерістерін  алып келуі ғажап емес.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ