Жаңа
жыл мерекесі қарсаңында ардагерлерді құттықтау шарасы жалғасуда. Игі бастаманы керекулік
қариялар өздеріне көрсетілген зор құрмет деп қабылдап, шынайы алғыс білдірді.
Ал қостанайлық ардагерлер Қазақстанның қарқындап дамуын ел Президентінің арқасы
деп біледі. Әсіресе, ұлтаралық келісім мен татулықтың орнығуы нағыз қажырлы
еңбектің жемісі деген пікірде. Бүкіл ардагерлердің тілегі бір арнаға тоғысты.
Олар елімізде әрдайым бейбітшілік болғанын қалайды.
Жасы
тоқсанға толған Егор Ковлягин өзін құттықтап, келушілерді сән-салтанатымен қарсы
алуға қамданып жатыр. Омырауына жарқыраған төсбелгілер тағылған шинелін тек
Жеңіс күнінде шығаратын қария бүгін оны қуана киді. Енді ол Елбасының
құттықтау хатын көргенше асық. Қария 1943 жылы әскерге шақыртылып, Жапон
соғысына аттанған. Ал, Ертіс ауданының тумасы Әнуарбек Құсайынов үш бірдей
майданды бастан кешті. Белоруссияны, Польша
мен Германияны азат еткен ол, оқтың ортасынан аман оралуыма атамның
берген «ақ батасы» сеп болды, дейді.
Әнуарбек Құсайынов, Отан соғысының
ардагері:
Қазақ
елі қариясын сыйлаған, үлкен адамдарды әрқашанда. Назарбаев,
біздің Президентіміз,
әрқашанда көңіл бөледі бізге. Тағы да құттықтау жіберіп, сыйлық беріп, құттықтап қайта-қайта.
Көптен көп рахмет! Алла риза болсын оған!
Жеңіс
мерекесіне арналған Президент сыйлығын қостанайлық ардагер Бертран Рубинштейн
де қабылдады. 92-ге қадам басқан қарт жауынгер әлі тың.
Сұрапыл соғыс басталғанда, ол 18 жаста еді. Болашақ теміржолшы жоғары оқу орнын
тастап, Отан қорғауға өз еркімен аттанған. Ұзақ ғұмырын теміржолға арнаған
ардагер соңғы жылдары саланың ілгері дамып жатқанына шексіз қуанады. Осының
бәрін Елбасының ерен еңбегімен ұштастырады.
Бертран Рубинштейн,
Отан соғысының ардагері:
Қазақстан - көптеген елдердің
арасында шоқтығы биік, бейбітшіліктің бесігі болып саналады. Біздің елде
140-тан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ешқандай
саяси, ұлтаралық қақтығыстар болған емес. Осы бейбіт Отанымның әрі қарай
өркендеп, дамуын тілеймін.
Ал,
өскемендік Надежда Колобова құттықтаушыларды төл туындысымен қарсы алды. 92
жасқа аяқ басқан қарияның омырауы төс белгіге толы. Әжейге қарап отырып, оның
бір кездері ауыр артиллерия сапында болғанына сену қиын. Десе де, жігерлі әжей
қоғамдық өмірден тыс қалып көрмеген. Ұлы
Жеңістің 70 жылдығына орай, шағын өлеңдер жинағын шығаруды армандайды.
Надежда
Колобова, Отан соғысының ардагері:
Байланыста отырған қыздар
Мәскеудің даусын еститінбіз. Кейде бұл дауыс көңілімізді көтерсе, кейде мұңға
батыратын. Морзе тілінің әр дыбысы құлағымда жаттаулы. Жеңіс күнін де осы
жерден естідім.
Желтоқсанның
26-сында басталған жалпыұлттық акция барысында бес мыңнан астам соғыс ардагерін
құрметке бөлеу жоспарланған. Қазақстанда тұратын бірде бір майдангер назардан
тыс қалмайды.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, Заңғар САНАЙ, Ирина ЯКУНИНА