Әлемдік
экономикадағы ахуалға көз жүгіртсек, алдымен Еуроаймақтағы дағдарысты
жағдайлардың жалғасуы ауызға ілінеді. Әсіресе жылдың екінші жартысынан
бастап дамуда белсенділіктің бәсеңдеуі
сезілді. Жаһанды дүрліктірген жаңалық - мұнай бағасының күрт құлдырауы болғаны
даусыз. Ресейге жан жақтан салынған экономикалық санкциялар әсерінен рубль
бұрын соңды болмаған құнсыздануды бастан
кешті. Көптеген елдер үшін маңызы орасан жоба «Оңтүстік ағынның» құрылысы
тоқтады. Ал Қытай экономикалық даму жағынан АҚШ-ты ығыстырып, әлемде бірінші
орынға шығуға талпынуда. Әлемдік экономиканың бір бөлшегі Қазақстанға бұл
жайттардың әсері қалай болмақ?
Маусым
айының ортасынан бастап әлемде мұнай құны түсе бастады. Қара алтын бағасы
айналасы жарты жылда 40 пайызға, яғни барреліне 115 доллардан қазіргі 60
доллардың айналасындағы көрсеткішке дейін төмендеді. Нью-Йорк биржасында Brent
маркалы мұнай барреліне 60-62, ал WTI соңғы 4 жылда алғаш рет 56-57 доллар
деңгейіне түскенін де көз көрді. Әлемдік мұнай экспорттаушы алпауыттар, қара
алтын құны баррелліне 40 долларға түссе де, өндірісті қысқартпаймыз деп
қасарысудан танар емес. Парсы шығанағы елдері болса, мұнай өндіру мен барлауға
инвестиция құюды жалғастыра бермек. Бағаның бұлайша түсуі - бюджеті мұнай мен
газға байланған Ресей, Иран, Венесуэла сияқты елдерге ауыр соққы болмақ.
Олардың қатарында әлбетте Қазақстан да бар. Мұны шенеуніктер жасырмайды.
Қайрат
Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
«Қазақстанды барлығы мұнай өндіруші ел
ретінде таниды. Біз әлемдегі мұнай шығарушы ең ірі 20 елдің қатарына кіреміз.
Сондықтан мұнайдың орта есеппен
алғандағы бағасына тәуелдіміз. Баға баррелі үшін 85 доллар болуы мүмкін, сәл
көп, не сәл аздау тіркелуі де ықтимал. Оны ешкім болжай алмайды. Баға құбылысы
өте жоғары болуы мүмкін екенін де түсінеміз. Тіпті ол құлдырап кетуі де ғажап
емес. Ал бұл жағдай Қазақстан сияқты мұнай өндіруші елге үлкен қиындықтар
әкелуі мүмкін. Елімізге қазір Ресей экономикасының, әсіресе, рубль бағамының
төмендеуі әсер етіп отыр. Өйткені Ресей - Қазақстанның ірі сауда әріптесі».
27
қарашада өткен ОПЕК-тің жиынында мұнай өндіруді қысқартып, оның баррелін 100
доллар көлемінде ұстап тұру мәселесі көтеріледі деп күтілген. Бірақ олай
болмады. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы тәулігіне 30 миллион баррель мұнай
өндіру квотасын өзгеріссіз қалдырды. Осы тұста айта кетейік, бұдан бұрын ОПЕК
мұнай өндіру квотасын қысқартқан жағдайда, АҚШ-тың қымбат бағаланатын қатпарлы
мұнайы нарықтан ығыстырылады деген болжам жасалған. Ал ресейлік сарапшылар әу
бастан-ақ «Украина дағдарысына байланысты АҚШ пен Сауд Арабиясы бірігіп,
бағаны қасақана төмендетіп отыр» деген пікірде. Эр-Рияд болса, «ешқандай
геосаясат жоқ» деп азар да безер. Украина дағдарысы демекші, Батыс пен Ресейдің санкциялық текетіресі де
әлемдік экономиканы айналып өтпеді. Оңбай шатқаяқтаған рубльдің оңалар түрі
жоқ.
Джон
Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
Ресей
билігі келесі жылы елді рецессия күтіп отырғанын ашық айтты. Рубль де
бұрын-соңды болмаған межеге дейін құлдырады. Ресей экономикасы санкциялардың
зардабын көріп отыр. Сондықтан мен біздің тарапымыздан салынған экономикалық
тыйымдар нәтижесіз деп айта алмаймын. Бұл Ресей билігіне әсер етті ме? Жоқ. Алайда
болашақта әсер етуі әбден мүмкін.
«Экономикалық
шектеулердің зияны әзірге тек қарапайым халыққа тиіп жатыр», - деп қосты Джон
Керри. Ресейдің валютасы осылайша құлдырап жатқанда, кей басылымдар «Еуразия
экономикалық одағына мүше елдер доллар мен еуродан бас тартуы мүмкін» деген
әңгіменің шетін шығарған. Бірақ қазақстандық сарапшылар мұның мерзімінен ерте
жасалған мәлімдеме екенін сол заматта-ақ айтты.
Меруерт
Махмұтова, қоғамдық проблемаларды сараптау орталығы директоры:
Қазақстан
тек Ресеймен ғана экономикалық байланыс орнатып отырған жоқ. Ал Армениямен
қарым-қатынасымыз шамалы. Экономикамыз үшін халықаралық валюталардан біз
ешқайда кетпейміз. Жалпы бізге доллар да, еуро да қажет болады.
Жылдағы
елеулі жаңалық - Ресей «Оңтүстік
ағынның» құрылысын тоқтатты. Іле-шала оның орнын басатын құбыр ретінде Түркия аумағы арқылы өтетін «Түрік ағыны»
газ желісін атады. Ал Еуропа «Оңтүстік ағынға» балама ретінде «Оңтүстік
газ дәлізі» жобасын ойлап тапты. Ол
Ресейді айналып өтеді және осы құбыр арқылы Қазақстанның да өнімі «Кәрі
құрлыққа тысамалданады» деген жоспар бар. Елімізге келсек, мұнайдан бөлек, металл құнының да әлем бойынша төмендеуі экспорт мөлшерін біршама азайтқанын
айтуға тиіспіз. Сыртқы нарықта қазақстандық өнімдерге сұраныстың төмендеуі
Қазақстан экономикасының өсу қарқынын баяулатты. Нәтижесінде, қаңтар-қыркүйектегі бағалау бойынша ІЖӨ өсуі
4 пайызды құрады. Дегенмен, тұтастай алғанда, Қазақстан экономикасының даму
деңгейі тоқырап қалған жоқ. Бұған ең алдымен мемлекеттің экономика өсімін қосымша
ынталандыру шаралары оң әсерін тигізгені
анық.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА