Күні
кеше кісінеп келген Жылқы жылы тарих қойнауына тарпаң жүрісімен енгелі тұр. Ал,
алдағы аздаған уақытта торқа жүнді төл баласы - Қой жылына қадам басамыз. Қазақта қой мінезді, қой көзді деп сипаттап
сөйлеу бар. Яғни халқымыз қорадағы қойын қастерлеп, адам мінезімен,
салт-санамызбен сабақтай білген. Сондықтан қойдың қасиеті, һәм қандай жылды қарсы алатынымыз жайлы
айтқанымыз абзал болар.
Өзі
марқа, өзі бағлан қой баласы момындығымен жағып, мол табыс беруімен құнды. Олай дейтініміз, суыққа шыдамды, тақырға да
төзімді. «Сондықтан болар аталарымыз қадір тұтатыны», - дейді Талас ауданы, Майтөбе
ауылының тұрғыны Жомарт Алпысбайұлы.
Жомарт Алпысбайұлы, шаруа:
Осы қойдан бастадық тірлігімізді. Қазақ атамыз айтып
кеткен ғой, «Сиыр бақсаң боқ боласың, Жылқы бақсаң жоқ боласың, қой бақсаң тоқ
боласың» деп, осы, құдайға шүкір, қойдың арқасында тоқпыз.
Қой
жүні тоқыма, құрылыс және тіпті авиациялық өнеркәсіпте сұранысқа ие. Ал,
сүтінің өзі - жүздеген кеселге ем. Сиыр сүтімен салыстырғанда, ақуыз бен май
1,5 есеге көп. Шопан ата жалғасын шөбі шүйгін жайылымға жайса - етті әрі сүтті
болатыны сөзсіз.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Қойы мен қозысын жоғалтқан шопан, тау-тасты кезсе де, тауып келеді. Ондайда қой баласына қырғидай тиетін - тұз тағысының
торуылдайтыны тағы бар. Қасқырдан қалқан болар - малшының мылтығы.
Қойдың
жауы - қасқыр. Тұмсықтыға жем қылмауы - қойшының айласы. Ал,
қой жылының қозысы Серік Ықсанғали бабалар салған жолды қайта жаңғыртып, жыл
қайырады. Оралдық жылнамашының айтуынша, былтырғы жыл қандай қолайлы болса,
биылғы жыл да берекелі болмақ. Жұлдызшылықпен қатар, шығыстанушылықты меңгерген
журналист өткен жылдарды, айшықты оқиғалар легін қойын дәптеріне тізеді.
Серік
Ықсанғали, жылнамашы, журналист:
Өткен
ғасырдағы қой жылдарын санап отырсақ, бірде-бір қой жылының кезінде не соғыс,
не қақтығыс, ештеме болмапты. Яғни момақан жануар болғандықтан, қой жылы, меніңше, керістен, қақтығыстан, қантөгістен аулақ жүретін сияқты. Яғни момын
жануар, деп есептейміз.
«Мал өсірсең - қой өсір, пайдасы оның
көл-көсір». Ғасырлар өтсе де, қойдың басы - басты ас саналады. Аса құрметті
қонаққа бас тартылып, қойдың құйрық-бауырын жеп, төс қағыстырады. Дегенмен,
бойымызды қойдың жуастығы жеңіп кетпей, сабырлықпен санамыз биік болғаны ләзім.
Қой мінезділік таныта бермей, жылқы мінезділігімізден арылып қалмасақ, игі еді.
Шүкір дейік, жылқы жылы жеткен жетістіктерімізбен тарихымыз
толысты. Еліміз еңсерген абырой да аз
емес. Ал, емініп келген жылқы жылы тарих қойнауына тебініп кетуі
заңдылық.
Ал, мінекей, қыр асып, қырат үстінде
тұрған қой жылы - жақсылықпен, жақсы үмітпен жетсін! Қысқасы, қой үстінде
бозторғай жұмыртқалайтын жыл болсын!
Данияр
ӘЛІМҚҰЛ