Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-дағы Берёз ауылына экологиялық мониторинг стансасы орнатылды

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2015
  • 1429

Бір ай бойы ел назарында болған Батыс Қазақстан облысындағы Берёз ауылына экологиялық мониторинг стансасы орнатылды. 3 метрге дейінгі биіктікте орнатылған құрылғы ауадағы өзгерістерді аса жоғары дәлдікпен анықтап, ауа құрамындағы көміртегі, метан және өзге де газдардың мөлшерін автоматты түрде тіркейді. Ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішінен зиянды газдар ауаға тарап жатқан жағдайда да, осы станса ең алдымен дабыл қағады.

Дәл осындай экологиялық мониторинг стансасы Зеленов ауданындағы Чинарев кенішінің түбіндегі Январцев ауылына да қойылыпты. Мамандар сөзінше, құрылғыда тіркелген көрсеткіштерді өзгерту мүлдем мүмкін емес екен. Облыстағы ең ірі кеніш орындарындағы қауіпсіздікті сақтау ісі Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған.

Дәулет Оралымбеков, «Қазгидромет» РМК БҚОФ директоры:

Бұл ақпарат тікелей газоанализаторларға түседі. Газоанализаторлардан компьютерге түседі. Компьютер арқылы, GSM связь арқылы біздің Орал қаласындағы инженер-химикке түсіп тұрады. Сонымен қатар, Астанадағы серверімізге де түседі. Интервалы 20 минут, әр 20 минут сайын жаңартылып тұрады. Енді, өкінішке орай, бұл посттың УПС-ы тек 2-3 сағатқа ғана жетеді. Болашақта қарастырамыз, деп ойлаймыз, автономный генератор. 


Бұған дейін де хабарлағанымыздай, осыдан бір ай бұрын Батыс Қазақстан облысындағы Берез ауылында 28 оқушы мен 4 мұғалім сабақ үстінде әлсіреп, ауруханаға түскен еді. Кейін «олар белгісіз газдан уланды» деген дерек бойынша, қылмыстық іс те қозғалған болатын. Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішін кінәласа, облыстық прокуратура да дәл сол күні кеніште ауаға газ таралғанын анықтаған. Бұл оқиғаға не себеп болғаны 20 қаңтарда ресми түрде мәлім болмақ. Бүгінде ауыл тұрғындарын жаппай медициналық тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Еркін КАРИН