Русский Сайттың толық нұсқасы

Лондон биржасында «Brent» маркалы мұнай баррелі 56 доллардан сатылып жатыр

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2015
  • 1408

«Үстіміздегі айда мұнай бағасы 40 долларға дейін төмендеуі мүмкін», - деп хабарлайды «Рейтерс». «Argus» халықаралық баға агенттігінің вице-президенті Вячеслав Мищенко бұны шикізат түрінің нарықтағы молшылығымен байланыстырып отыр. Айтуынша, бүгінде ұсыныс көлемі сұраныстан болжаммен тәулігіне 1 миллион 800 мың баррельден асып кеткен. Сауд Арабиясы мұнай өндіру көлемін қысқартпай отырғандығы да бағаны белгілеуге кері әсерін тигізіп отыр. Ал мамандар қара алтынның құны 2015 жылдың екінші жартысында қалыпқа келеді деп болжауда.  Ол барреліне 65-70 долларды құрайды деп күтілуде.

Атап өтсек, Қазақстанның бюджеті барреліне 80 доллар құн негізінде қалыптасқан. Еліміздің Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, мұнай бағасы 40 долларға түскен жағдайда, Үкімет болжамды бюджет нұсқасын әзірлеп қойған.

Айта кетейік, бүгінде «Brent» маркалы мұнай бағасы Лондон биржасында баррелі үшін 56 доллардан сатылып жатыр. Ал «WTI» маркалы мұнай бағасы Нью-Йорк биржасындағы сауда барысында барреліне 52 долларға дейін құлдыраған.

Жұрағат БАМАН