Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміздің аймақтарында коммуналдық қызмет түрлерінің ақысы қымбаттады

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2015
  • 1403

Жаңа жылға - жаңа бағамен. Еліміздің әр аймағында коммуналдық қызмет түрлерінің ақысы қымбаттады. Өскеменде 1 қаңтардан бастап электр қуатының тарифі тұрғындар үшін 10 пайызға, ал заңды тұлғалар үшін 9,3 пайызға көтерілді. Мұндай өзгеріс Шымкент және Алматы тұрғындарын да қуанта қоймады. Ал Таразда жолақы мен ас атасының нарқына өзгеріс енді. Қой жылымен ілесе келген қымбатшылық жайында Айзада Төребекқызы тарқатады.

Таразда 3 қаңтардан бастап жол ақысы қымбаттады. Қала ішіндегі барлық бағыттағы автобустарда жол жүру құны 60 теңге болды. Бензин бағасы арзандады деп өткен айда ғана бөркін аспанға атқан ағайын жол жүру құнының бірден 15 теңгеге көтерілгенін түсіне алмай дал. Ал жергілікті билік болса, қымбатшылық себебін - автопарктердің бағаны көтеру туралы өтінішті тіпті екі жыл бұрын бергенімен түсіндірді. Жаңа жылдан бастап жол жүру тарифін көтеру туралы қаулы өткен жылдың қыркүйегінде қабылданған. Енді жалпы жолаушылар 60 теңге, ал бұған дейін 45 теңгемен жүріп келген студенттер болса, он теңге артық ақша шығарады.

Балабек Нарбаев, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы:

Олар бізден 70 теңге сұраған болатын. 70 теңгеден біз сол жерде айтыс-тартыс, зерделей келіп, көпшілік тыңдауда бір бағаға тоқтағанбыз. Содан кейін 30 қыркүйек айында біз сессияда бұл мәселені 60 теңгемен келісім бердік. Бұл мәслихаттың шешімі болды. Біз осыдан 4 жыл бұрын қабылдағанда, бензин бағасы бөлек етін.

Таразда әлеуметтік нанның да нарқы қымбаттады. Бөлке нанның бағасы 5 теңгеге өсті. Дүкен иесі Бақтылы Көпбаева тауар тасымалдаушылар бүгіннен бастап бөлке құнын 48 теңгеден саудалап кеткенін айтады.

Бақтылы Көпбаева, саудагер-сатушы:

Енді 48 теңгеден әкелді, 50 теңгеден сатып отырмыз, 43 пен әкелгенде, 45-тен сатқанбыз. Бізге қалай келсе, солай көтереміз. Өйткені бізде ондай жағдай жоқ қой, жоқ өз бағасына сатуға.

Қымбатшылық Оңтүстік Қазақстан облысындағыларды да айналып өтпеді. Мұнда электр энергиясы тарифі жеке тұлғалар үшін 6,2 пайызға қымбаттады. Ал заңды тұлғалар үшін 15 пайыз қосылды. Бұл өзгеріс аудан-ауылдарға да қатысты болып отыр.

Гүлмира Жексембаева, ОҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бөлім басшысы:

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыс тұрғындарын қамтамасыз етуші «Оңтүстік Жарық» және Шымкент қаласына қуат таратушы «Энергопоток» серіктестіктері тұтынушылары үшін баға өсіп отыр. Бұл қуат өндіруші компаниялардың өз өнімін сату нарқын өсіруіне байланысты болып отырған өзгеріс.

Шымкентте тіршілік нәрінің тарифі де өзгерді. Бағадағы өзгеріс әсіресе суды ең аз тұтынатындар үшін сезілетін болды. Олар үшін 33 пайыз қосылды. Өйткені бұған дейін 3 текше метрге шейін су тұтынғандар 35 теңге 83 тиын төлеп келсе, енді текше метріне 47 теңге 75 тиыннан есеп айырысады.

Сәлима Бопова, ОҚО бойынша табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы:

Су ресурстары мекемесі 2019 жылға дейінгі тарифін белгілеп отыр. Яғни алдағы төрт жылда баға тұрақты болады. Осы себепті баға өсті. Бағаны өсіру арқылы суға жауаптылар су жүйелерін жаңалау сынды бірқатар жұмыстарды атқармақшы.

Электр энергиясының бағасы Өскеменде де көтерілді. Жеке тұлғалар бұрынғыдан 10 пайызға артық төлейді, ал заңды тұлғалардың тарифі 9,3 пайызға артты. Бұл тұста табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті әдеттегідей ақталып бақты. Айтуларынша, монополистер бағаны бірден 23 пайызға көтеруді сұраған. «Біз небәрі 10 пайызға келісім бердік», - деген жауап қатты департамент өкілдері. Яғни жаңа тариф бойынша 1 киловатт сағат орта есеппен бір теңгеге өсті. Халық үшін тариф, қосымша құн салығымен есептегенде, 12 теңге болды. 


Айта кетерлігі, шығыс өңірі үшін электр қуаты - жаңа жылдан бастап қымбаттаған алғашқы тариф. Бірақ құзырлы департаментте алғашқы жарты жылдықта өзге коммуналдық төлемдер бағасы өспейді деп сендірді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ