Атырау
облысында орналасқан «Азғыр» полигоны аумағындағы технологиялық алаңға қорғаныс
қоршауы орнатылатын болды. Кезінде жарылыстан соң пайда болған көлшік қауіпті
болуы ықтимал. Оны жергілікті тұрғындардың төрт түлігі ішіп қоюы мүмкін.
Аумаққа зерттеу жүргізген ядролық физика институты мамандары Атырау облысы
әкімідігіне осындай ұсыныс жасаған. Ядролық аумақтағы көлшік 5 гектардай алаңды
алып жатыр. Ол Азғыр ауылынан 15 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Зерттеу
жүргізген мамандар биіктігі екі метр, ұзындығы бір жарым шақырым қоршау жүргізу
керектігін ескерткен. Жергілікті билік мамандар ұсынысын іске асырғалы
отырғандарын хабарлады.
Орақ
Бисембиев, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу
басқармасы басшысының орынбасары:
Бір
алаң жарылыс кезінде опырылып, үлкен көлсымақ пайда болған. 4-5 гектар аумақты
құрайтын көлдің аумағын қоршау үшін, сметалық құжаттарын жасақтап отырмыз.
Биылғы жылдың аяғына дейін сараптамадан өткеннен кейін, үлгерсек, жылдың
аяғында, үлгермесек, 2016 жылдары жергілікті бюджет қаржысы есебінен қоршауды
жоспарлап отырмыз.
Еске салайық, «Азғыр» полигонында 1966 жылдан 1979 жылға дейін ядролық қару 17
рет сыналған. Бүгінде ең қауіпті деген 4 алаң қоршалып, радиациялық
қауіптіліктен сақтандыратын белгілер орнатылған. Айта кетейік, мамандар «Азғыр»
полигонын экологиялық апатты аумаққа жатқызу қажет пе, жоқ па деген мәселеге
әлі күнге бас ауыртып келеді. Осы мақсатта ядролық физика институты жан-жақты
зерттеу жүргізіп жатыр. Нәтижесі биылғы жылдың аяғында белгілі болмақ.
Базаркүл ІЗІМОВА