Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай қазақ-түрік лицейіндегі оқушылардың улану себептері анықталды

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2015
  • 774

Қостанай қазақ-түрік лицейіндегі оқушылардың жаппай улану себептері анықталды. Тексеріс нәтижесі білім ордасындағы қос қызметкердің стафилококк індетін жұқтырғандығын көрсеткен. Сондай-ақ зертханалық қорытындыға сәйкес, шәкірттерге берілген палау, тұшпара және орама секілді тамақтардың құрамынан бактерия табылған. 

Сәуле Бәйменова, Қостанай облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті бастығының орынбасары:

Тексеру нәтижесі бойынша жұғу жолы алиментарлы екендігі анықталды. Яғни инфекцияның ықтималды жұқтыру жолы - ас блогының қызметкерлері. Инфекция үлесінің таралуына ас блогындағы санитарлық-эпидемиологиялық және эпидемияға қарсы режимнің бұзылуы себеп болған. Бірнеше адамнан стафилококк анықталды. Олар - аспазшы мен тәрбиеші.

Еске салайық, желтоқсанның 25-інде лицейдің 37 шәкірті астан ұшынып, оның он сегізі ауруханаға жатқызылған болатын. Екі-үш күн ем алған оқушылар айығып, үйлеріне жіберілді. Полицейлер бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Ал тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің қаулысымен лицей асханасының жұмысы уақытша тоқтатылды. 

Заңғар САНАЙ