Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Парижде орын алған террористік актіні айыптайды

  • AstanaTV
  • 08 қаңтар 2015
  • 1647

Францияның Реймс қаласындағы «Шарли Эбдо» басылымы редакциясында болған террористік акт дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Лаңкестік әрекеттер барысында 12 журналист көз жұмды. Бүгінде шабуылға қатыстылығы ықтимал адамдар елдің солтүстігінде жүр деген ақпар пайда болды. «Күдіктілер қаруланған әрі өте қауіпті», - деп хабарлайды Франсс-пресс.

Ал бұл уақытта бүкіл еуропалық басылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары террористердің әрекетін айыптап, бірқатары тіпті «Шарли Эбдо» беттерінде жариялаған аты шулы каррикатураларды өз мұқабаларында жариялап жатыр.

Франциядағы теракт кезекті антиисламдық наразылық шараларға себеп болды. «Шарли Эбдо» журналистерінің өліміне «Аль-Каида» тобының содырлары кінәлі деген болжам бар. «Жалпы басылым редакциясындағы атыс Мұхаммед пайғамбарды бейнелеген каррикатураға жауап болуы ықтимал», - деп жазады ақпарат құралдары.

Бүгінде қаза болған 12 журналистің отбасына әлемнің түкпір-түкпірінен көңіл айту жеделхаттары жолдануда. Қазақстан алғашқылар қатарында қайғылы оқиғаға ортақтасты. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Франция президенті Франсуа Олландқа арнайы телеграмма жөнелтті. АҚШ президенті Барак Обама да қолдау көрсетуге әзір екендіктерін хабарлады.

Барак Обама, АҚШ президенті:

Мен Франция президенті Олландқа телефон шалдым. Кездесу бүгін мүмкін болады деген үміттемін. Ең алдымен Франция және Париж тұрғындарына көңіл айтқым келеді. Франция және АҚШ елдерінің антитеррорлық қарым-қатынастары жоғары деңгейде. Біз өз тарапымыздан бар көмек түрін көрсетуге әзірміз. Бұндай жағдай әлемнің кез-келген нүктесінде орын алуы мүмкін.

Аса қатігездікпен жасалған шабуылды Күн шығыс елі де айыптап отыр. Бүгін Жапония билігі француздарға көңіл айтты.

Синдзо Абэ, Жапония премьер-министрі:

Бұл жаңалықтар ұйымына қарсы жасалған террорлық әрекет. Сөз еркіндігіне, бостандығына жасалған қиянат. Ондай кешірілмейді. Лаңкестік әрекетке не себеп болса да, қылмыскерлер жауап беруі тиіс. Жапония қантөгіске қарсы. Барлық жапа шеккен азаматтардың отбасыларына көңіл айтамыз.

Террорлық актінің «исламшылдық» астары бар болғанымен, терроршылардың бұл әрекетін дамыған елдер ғана емес, елінде исламдық дәстүр қалыптасқан мемлекеттер де айыптауда.

Ахмет Давутоғлу, Түркия премьер-министрі:

Басылым кеңсесінде болған шабуыл туралы ақпар бізді қатты қапаландырды. Түркия террористік актілерге әрдайым қарсы. Франция халқын барынша қолдауға әзірміз. Лаңкестердің ісіне ақтау жоқ.

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы террористік акт Францияны жіктеу, аймақ-аймаққа тарату мақсатында жасалған деген мәлімет жасап отыр.

Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы:

Бұл шабуыл - елді бірнеше бөлікке бөлудің амалы. Біз терроршылардың бұл торына түспеуіміз керек. Ынтымақтастығымызды нығайта түсетін сәт бұл. Біріккен Ұлттар Ұйымы бүкіл әлемді толеранттылыққа шақырып, бөліну мен өшпенділікке қарсы тұруға үгіттейді.

Францияның Еуропалық одақ бойынша серіктесі Германия орын алған оқиғаға алаңдаушылық танытуда. Айта кетерлігі, жуырда ғана осы елде де антиисламдық наразылық шаралары өткен.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

Демократия бостандығы, сөз бостандығы - Еуропаның басты құндылықтарының бірі. Францияда болған террорлық акт барлығымызды қайғы-қасіретке батырды. Біз француздықтармен біргеміз. Әсіресе жақындары қаза болған отбасыларына көңіл білдіреміз. Көрші елге бұл ауыр жағдайда қажет бар көмегімізді жолдаймыз.

Әзірге Франция билігі террористік қауіп-қатерге өздігінше төтеп бермек. Ел төңірегінде күдіктілерді іздестіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде шабуылға қатысы бар бірнеше адам құрықталып, тергелуде. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, лаңкестік топ мүшелері Францияның солтүстігінде байқалған. Ақпарат құралдары бүгін Париждің шет аймақтарында да атыс болғандығын жарыса жазуда. Сондай-ақ, бүгін Францияның оңтүстігінде мешіт аумағында жарылыс болған. Ал елдегі жалғасып жатқан антиисламдық наразылық шаралары онсыз да тұрақсыз жағдайды ушықтыра түсуде. Ал «Шарли Эбдо» газетінің басылымының кезекті жаңа саны келер аптада шығады.

Жұрағат БАМАН