Русский Сайттың толық нұсқасы

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шенеуніктерге қарыздан тезірек құтылуды қатаң ескертті

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2015
  • 1216

Батыс Қазақстандағы Ақсай қаласының бюджеттік мекемелері жылу үшін 8 миллион теңге қарыз болып шықты. Дегенмен, жергілікті атқамінерлер бұл қалыпты жағдай дегендей сыңай танытады. Айтуларынша, қарыз жыл өткен сайын әбден қордаланып қалған. Сондықтан, алаңдауға негіз жоқ деп жайбарақаттық танытты. Жауапты сала өкілдері осылай ақталғанымен, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шенеуніктерге қарыздан тезірек құтылуды қатаң ескертті.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Егер бұл қалыпты нәрсеге айналса, бұл сіздердің жыл бойы атқарылар жұмыстарды алдын-ала ойластырып, жоспарламағандықтарыңыздан хабар береді. Біз сіздердің бар жағдайыңызды жасап береді деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Сондықтан, бюджеттік мекемелердің барлық қарызын түгелдей төлеуді тапсырамын.

Бүгінде Ақсай қаласы тұрғындарының саны 38 мыңға жеткен. Шаһарға 9 жылу қазандығы арқылы жылу беріледі. Осыдан 40 жыл бұрын пайдалануға берілген екі қазандыққа биыл күрделі жөндеу жоспарланған. Ақсай шаһарының басшысы қарыздың қордалануы жылыту жұмыстарына тиесілі қаражатқа қатысты екендігімен түсіндіреді. Ақсай қаласын жылыту үшін бөлінген қаражат шаһарда жылыту мерзімі басталғанға дейін бөлінген. Ал жиналған қарыз - осы уақыт аралығындағы айырмашылықтан пайда болған нәрсе. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып отырады. Әрі өзге мекемелерден түсер төлемақылармен салыстырғанда, бұл оншалықты көп ақша емес.

Сонымен қатар, облыс әкімі Бөрлі ауданының Березовка ауылында орнатылған экологиялық мониторинг стансасымен де танысты. «Қазгидромет» мекемесі мамандарының дерегінше, ауа құрамын өлшейтін зонд 2,8 метр биіктікте орналасқан. Бұл станса Қарашығанақ кеніші бағытында орын тепкен, әрі бұл құрылғының көрсеткен деректерін өзгерту мүмкін емес.

Ерлан КАРИН