Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысында бірқатар республикалық және халықаралық тас жолдар жабылды

  • AstanaTV
  • 13 қаңтар 2015
  • 1591

Қазақстанның батыс аймағында да қалың қар түсіп, қозғалыс қиындады. Осыған орай, Ақтөбе облысы аумағында бірқатар республикалық және халықаралық тас жолдар жабылған. Ақтөбе-Орск бағытындағы жолда көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді. Самара-Шымкент тас жолы да 723-ші шақырымнан бастап Батыс Қазақстан облысы шекарасына дейін жабық.

Кешелі бері облыста жауып тұрған бұрқасын ашық далада ақ түтек боранға айналған. Құтқарушылар тұрғындардың алыс сапарға шықпауына кеңес береді. Ауа температурасы күндіз нөл градус шамасында болғанымен, батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 18 метрге жеткен.

Ерік Ерімбетов, Ақтөбе облыстық ТЖД бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметі басқармасының бастығы: 

Осы күндері ауа райының өзгеруіне байланысты қазіргі таңда күніне 700-ге дейін қоңыраулар келіп түсуде. Оның 300-ге жуығы тек жолға қатысты ақпараттар келіп түсуде. Қазіргі таңда департаменттің бүкіл құрылымдық бөлімшелері жоғарғы деңгейлі жұмыс қызметіне өткізілген.

Жергілікті билік облыс аумағының барлық бағыттарында 60-қа жуық жылыну бекеттерін ұйымдастырған. Кеше ауа-райының қолайсыздығына қарамастан сапарға шыққан жеңіл көлік жүргізушісі автобусқа соқтығысып, мерт болды. Ақтөбе-Қандағаш тас жолында орын алған оқиғадан зардап шеккен жеңіл көліктің 3 жолаушысы аудандық ауруханаға жеткізілді.

Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

«Ваз-2104» көлігінің 69 жастағы жүргізушісі ауа-райының қолайсыздығын ескермей, тізгінге ие бола алмай, жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, «ПАЗ» автобусымен соқтығысқан. Ол автобус алдындағы бағытын өзгертіп, дәл сондай алдында кетіп бара жатқан автобусқа соқтығысқан. 

Мансұр ЕСХОЖИН