Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде жылжымалы және жылжымайтын мүлік бағасы әлі де доллармен есептеліп жатыр

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2015
  • 1770

Елімізде жылжымалы және жылжымайтын мүлік бағасы әлі де доллармен есептеліп жатыр. Өткен жылдың желтоқсанында Үкімет тауар мен қызметтердің бағасын шартты бірліктермен есептеуге тыйым салған еді. Ұлттық валютаның үлесін арттыру үшін жасалған шара туралы Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен мәлімдемесінде айтылды.

Алайда дәл осы тетік  орындалмай отырған сияқты. Сарапшылар нарықтағы есеп-қисапты тек теңгемен жүргізу үшін кемінде 2-3 жыл уақыт керектігін айтады. Бірақ банкирлер мен депутаттар мұнымен келіспейді.

Астанаға өткен жылдың көктемінде қоныс аударған Роза Сағатова отбасымен екі бөлмелі пәтерді 120 мың теңгегеалдап тұрады. Елордадан үй алу жоспары, әзірге арман ғана. Доллар бағамын бағып отырады, сәл өзгеріс болса теңгеге шағып, қағазына түртіп отырады. «Енді шаршы метрлердің есеп-қисабы теңгемен жүрсе, өте ыңғайлы болар еді», дегенді айтады.

Роза Сағатова, Астана қаласының тұрғыны:

Сатып алатындар да, сатушылар да доллармен есептейді. Біз соған үйренгенбіз. Үй бағасы теңгемен есептелсе, ол бәрімізге маған да, сіздерге де тиімді болар еді. Сайттарда, недвижимость, крыша, интернет сайттардың барлығында доллармен көрсетіледі.

Шынында да, жылжымайтын мүлік саудасын қыздырған ресми сайттарда әлі де АҚШ валютасының мысы басым. Шартты бірліктерден көз сүрінеді. Сатушылар баспанасының бағасын теңгемен есептеуге асығып отырған жоқ. Дегенмен бұл күн алыс емес, дейді халық қалаулылары. Яғни, үй бағасы көк қағазбен емес, теңгемен ғана есептеліп отырады дейді.

Нұрлан Жазылбеков, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, «Ақжол» партиясы фракциясының мүшесі:

Бүгінде доллармен ешқандай есептемеу туралы заң бар. Әр салада доллармен есептеуге болмайды, тек қана долларды теңгеге ауысырып қана теңгемен есептеуге болады. Ол заңда бар, бірақ жұмыс істемейді? Енді жұмыс істемейді деп те айтуға келмейді, жұмыс істейді. Ол заңды да қатал қадағалап отырған уақыт емес. Сондықтан заң бұзушылық жоқ деп айтуға болмайды, ол бар.

Алайда, жылжымайтын мүлік нарығының жілігін шаққандар басқа пікірде. Олардың айтуынша, доллар теңгеге 2-3 жылсыз жол бермейді.

Юрий Романенко, Жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

Доллардан біз алдағы 2-3 жыл ішінде кете алмаймыз. Адамдар қасақана барлығын сол валютаға ауыстырып есептеп отырады. Тіпті, халықтың миында да есеп-қисап доллармен жүреді. Дедолларизация жақсы идея, бірақ, тәжірибиеде ол 2-3 жыл бойы өзгеріссіз болады. Жақында кезекті девальвация болады деген алып-қашпа сөздер бар. Бірақ олардың шындыққа қаншалықты жақын екенін айту қиын. Девальвация болса да, ол үй бағасына қатты әсер етпейді.

«2014 жылғы девальвациядан кейін баспана бағасы 3-5 пайызға ғана төмендеді»,- дейді маман. Айтуынша, теңгенің құнсыздануы қайталанса, үй бағасы ең көп дегенде, 5-7 пайызға ғана түседі. Тіпті сарапшы, тұрғын үй сатып алу шарттары биыл былтырғыдан да көбірек болады деген пікірде. Жылжымайтын мүлікке деген сұраныстың артып отырғанын банк қызмеркерлері де мойындайды. Бірақ банктердің барлығы несиені теңгемен беруге асығып отырған жоқ. Көк қағаз тұғырын оңайлықпен берер емес.

Ерұлан Жамаубаев, «Қазақстан тұрғын үйьқұрылыс жинақ банкі» АҚ  Басқарушы директоры:

Нарықтық жағдайда шаршы метрлер доллармен есептеліп жатқан шығар. Бірақ айналып келгенде доллармен үлесіп отырған жоқ. Қазір үрдісті қарап отырған шығарсыздар. Енді біз бірте-бірте теңгемен есептеуге келеміз. Барлығы теңгемен есептелсе, теңгемен несие алса, теңгемен несиесін жауып отырса, теңгемен сауда-саттық жасап отырса, біз долларды неге еске алуымыз керек.

 «Ең бастысы, теңгеге деген сенімді, тұрақтылықты арттыру керек»,-дейді банк өкілі. Бүгінде қаржы құрылымы «Аймақтарды дамыту бағдарламасы-2020» аталатын жаңа жобасын  іске қосты.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Дегенмен ипотекалық несие тиімді ме, әлде жалдамалы үй дұрыс па? деген сұраққа депутаттар болсын, сарапшылар болсын бір ауыздан жалдамалы үй ыңғайлы деп жауап береді. Тіпті банк өкілдерінің өзі жаңа Жолдау аясында іске қосылған жалдамалы баспана бағдарламасының пайыздық тұрғыдан тиімділігін мойындайды. Ал теңгенің долларды ығыстыратын кезеңі уақыттың еншісінде.

Айгүл ӘДЕПБАЙ