Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжілісмендер балаларды көлікте кресломен алып жүру ережесін бір жылға шегере тұруға шақырды

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2015
  • 1007

"Балаларды көлікте кресломен алып жүру ережесін бір жылға шегере тұрайық". Бүгін мәжілісмендер осындай ұсыныс тастады. Палата отырысында депутат Меруерт Қазбекова аталған заңның кей нормалары қоғам арасында дүрбелең тудырғанын тілге тиек еткен. Ал төраға Қабиболла Жақыпов заңның көптеген нормаларында кемшіліктердің барын айтты. «Жол қозғалысына қатысты жаңа ережелер жемқорлыққа жол ашады»,- деді.

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бұл тікелей сыбайлас жемқорлыққа апарады. Бұдан соң, жаңағы аптечкалар шығады. Онда үш дәке деп тұр, екі дәке болып шықса ше? Тіпті, сол үшеудің орнына бір үлкен дәке салып қойса не болады? Міне, мұндай жағдайдың бәрі жол бойында тұрған сержанттарға сеп болады. Ешкім де ештеңені дәлелдей алмайды ғой. Олар: «Үш дәке болуы керек, қайда?», «12 жасқа дейін автоорындық болуы шарт, қайда?», - деп кете береді. Бұл - біздің жұмыс тобының кемшілігі.

Депутат заңның 12 жасқа дейінгі балаларды автокреслосыз алып жүруге тыйым салатын тұсына ерекше назар аударды. «Ақ жол» фракциясының атынан ол нормаларды жүзеге асыру мен автоорындықтармен қамтамасыз ету үшін, 12 айға өтпелі кезең белгілеуді ұсынды. Осы мерзім ішінде заңның бірқатар тұсы қайта қаралсын деді. Оның ішінде 6 жасқа дейінгі сәбилерді кресломен қамтуды жеңілдету керектігі, ал 12 жасқа дейінгі аралықта бұл норма ұсыныс ретінде қарастырылуы қажет дегенді қосты.

Ұсыныстың «көкесін» фракция жетекшісі Азат Перуашев жасады. Ел болып, ащы судың әлегімен күресіп жатқан тұста, Перуашев мырза алкоголь өнімдерін арналар арқылы қайта жарнамалауды ұсынды. «Қазақстанда өндірілетін ішімдіктер дүкен сөрелерінде өтпей тұр», - деп алаңдаған депутат мұны «ресейлік арналардан берілетін жарнаманың әсері» дейді. Еске салайық, 2004 жылдан бері елімізде ақпарат құралдары арқылы спиртті ішімдіктерді жарнамалауға тиым салынған. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Біздің үкіметіміз Ресейге мұндай жарнама қайтадан тиым салуға ұсыныспен шығу керек. Немесе өзімізде Қазақстанда шығарылған алкогольді жарнамаға рұқсат беруіміз керек.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ