Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда екі адам қоғамдық көліктің құрбанына айналды

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2015
  • 1302

Атырауда екі адам қоғамдық көліктің құрбанына айналды. Бүгін таңертең шаһардағы Балықшы және Авангард шағын аудандары арасында қатынайтын №12 бағыттағы автобус жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан екі жолаушыны қағып кетті. Қос жүргінші де қаза тапты. Мамандар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі жетекшісінің айтуынша, қауіпсіздік шарасын қолданбаған 26 жастағы көлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Гүлнәзира Мұхтарова, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қауіпсіздік шараларын қолданбаған 26 жастағы автобус жүргізушісіне қатысты жаңа Қылмыстық кодекстің 345 бабымен Қылмыстық іс қозғалып, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 131 бабымен уақытша қамауға алынды.

Ал, оқиға орнында қайтыс болған 61 және 62 жастағы қос азаматша - жолдың қарсы бетінде орналасқан энергетика және құрылыс колледжінің қызметкерлері екен. Әріптестерінің айтуынша, олар ертеңгілік жұмысқа келе жатқан. Екеуі де зейнеткер. Отбасына көмек үшін жұмыстан қол үзбеген еді дейді.

Айтжан Шотанов, Атырау энергетика және құрылыс колледжі директорының орынбасары:

Бұл кісілер бірнеше жылдан бері осы мекемеде жұмыс жасайды. Біреуі - қойма меңгерушісі, екіншісі - тазалықшы. Жұмысқа келе жатқан кезі, сегіздің шамасында. Бұрынғы тәртіптің адамдары ғой, ерте келеді олар жұмысқа.

Базаркүл ІЗІМОВА