Русский Сайттың толық нұсқасы

Баспананы заңсыз қабылдаған қостанайлық шенеуніктер тәртіптік жауапкершілікке тартылды

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2015
  • 828

Қостанайда лауазымды шенеуніктер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның бірі қала әкімінің орынбасары, екіншісі мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау департаменті басшысының міндетін атқарып келген. Бұл жайында арнамыздың тілшілеріне облыс прокурорлары мәлімдеді.

Шенеуніктердің құрылысы бітпеген үйді қабылдап алғаны анықталған. «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 126 пәтерлі үйге тұрғындар былтыр наурыз айында кіреді. Бірақ нысан көгілдір отынға қосылмаған. Салдарынан тұрғындар 8 ай газсыз отырды. Шыдамы таусылған жұрт прокуратураға 2014 жылы қарашада ұжымдық арыз түсіреді. Құзырлы орган жүргізген тексеру нәтижесінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау департаменті басшысының міндетін атқарған Қайырбек Ерденов қызметінен қуылған. Ал, Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Валерий Полешко тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Нұрбол Әбдірахманов, Қостанай облыстық прокуратурасының аға прокуроры:

Қостанай облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы тәртіптік кеңестің шешімімен Ерденовты және Полешконы атқарып отырған лауазымдарынан «сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағандығы үшін босату жөніндегі шешім қабылданды. Қазіргі уақытта қала әкімінің орынбасары Полешконың емделуде болғанына байланысты, тәртіптік жауапкершілік жұмысқа шыққасын қаралады.

Заңғар САНАЙ