Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Еуропадағы қауіпсіздік және
ынтымақтастық ұйымы миссиясының басшысымен кездесті. Қуандық Тұрғанқұлов
Корнелия Йонкерді президент сайлауына әзірлік жұмыстарымен таныстырды. Өз
кезегінде, Йонкер ханым ОБСЕ-нің аралық есептемесі дайын екенін жеткізді. Ол
ұйымның ресми сайтында жарияланған.
Сондай-ақ, бүгінгі отырыста Еліміздің
бірқатар аймақтарын әбігерге салған тасқынға орай, есептен шығару куәліктерін
беру және есепке алу қағидаттарына өзгерістер енгізілгені белгілі болды.
Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:
Қалыптасқан ахуал да бақылауда. Бүгін есептен шығару куіләктеріне қатысты
қаулы қабылдадық. Бұған дейін жалпы сайлау кампаниясының шеңберінде куәліктер
санын 1 пайыз көлемінде лимиттесек, бүгін лимиттеуді алып тастадық. Қиын
жағдайға тап болған сайлаушылар өздерінің конституциялық құқығын, яғни сайлау
құқығын жүзеге асыра алады.
Сондай-ақ, отырыс барысында кандидаттардың сайлауалды кампанияларының
ақпараттық таратылымы туралы да айтылды. Аралық бақылауға сәйкес, 26 наурыз бен
16 сәуір аралығында республикалық және жергілікті мас-медиаларда сайлауға
қатысты 15 мыңнан астам материал жарияланыпты. Оның ішінде кандидат Назарбаевтың
үлесі 36, кандидат Сыздықовтың үлесі - 33, ал кандидат Құсайыновтың үлесі 31 пайызды
құраған. Еске салайық, президент сайлауы 26 сәуірде өтеді.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА